Қазақстанда көгілдір экранның сәуле шашқанына биыл - 60 жыл. Телевизияның іргетасы қаланғаннан бері мыңдаған бағдарлама жарыққа шықты. Әрқайсысының мән-мағынасы, халыққа қалдырар өзіндік мұрасы бар. Алғашқыда хабарлар журнал, әңгіме, концерт, киноочерк, спектакль бағытында көрсетілсе, бүгінде оның нақты құрылымы бар. Яғни, түрлі ток-шоулар, саяси-әлеуметтік тақырыптардағы телеөнімдер пайда болды. Тілшіміз Фариза Мұсақызы Ұлттық арнадағы бағдарламалар тарихына шолу жасады.
Фариза Мұсақызы, тілші:
- Сіз бен біздің теледидар алдында осылай рахаттана демалып отыратынымыз – экрандардағы хабарлардың әралуандығынан. Қазақстандық арналардың қай-қайсысын қосып қалсаң , жаныңа жақын бағдарламаны таңдай отырып тамашалай аласың. Сонымен, қазақ телевизиясы қалыптасқалы бері Ұлттық арна эфирінде көрерменге ұсынылған телеөнімдер тарихына бірге үңілейік.
Телевизия тарихында есте қалған ерекше бағдарлама - «Құрдастар». Нұртілеу Иманғалиұлының жетекшілігімен жиналған топ сол кездегі студент және жұмысшы жастардың өмірінен хабардар етті. Танымал болған тағы бір бағдарлама –«Кездесу». Мәселен, бұл кадрларда жазушы Оралхан Бөкеевтің кездесу кеші өтуде. Танымал ақын-жазушылармен болатын жүздесудің телевизиялық нұсқасы халық үшін өте ыстық еді.
Қазақтың сатирасын тұңғыш рет телевизияға алып шығып, шоу бағдарламаның нұсқасын жасағандардың бірі – Қойшығұл Жылқышиев. Ол 1979 жылдың 1-қаңтарынан бастап көрермендер назарына ұсынылған «Тамаша» ойын-сауық отауының алғашқы редакторы болды. «Тамаша» 5 жылдай теледидар алдына талайды жинап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған.
Қойшығұл Жылқышиев, «Тамаша» ойын-сауық отауының тұңғыш редакторы:
- Барлық уақытта сатира кенже жүретін. Екіншіден, әдебиетте оған соңғы сорт ретінде қарайтын. Эфирге шыққаннан кейін сатираның беделі көтерілді.
Ал, Тәуелсіздік қарсаңы мен оның алғашқы жылдары жарық көрген Сағат Әшімбаевтың «Жүректен қозғайық» хабарында қайта құру заманының өзекті мәселелері қозғалды. Тіл, дін, жалпы мемлекетіміздің қалыптасу жолында осындай бағдарламаның болуы үлкен серпіліс берді.
Фариза Мұсақызы, тілші:
- «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы халықтың мұң-мұқтажын әлеуметтік бағдарлама ашу арқылы жеткізіп, адамдардың тағдырына тікелей әсер етіп келеді. Мәселен, 2003 жылы ашылып, 5 жыл бойы көрсетілген «Аялы алақан» бағдарламасы талайдың өмірге деген құлшынысын арттырды.
«Аялы алақан» арқылы Германия, Израиль, Қытай, Ресейге ондаған бала барып емделді. Кейін оның жалғасы ретінде 2008 жылы «Жан жылуы» әлеуметтік тележурналы өмірге келді. Сол жылдан бастап 7 жыл бойы тағдырдың тауқыметін тартқан талайлардың жағдайы көрсетілді. Оны халыққа жеткізу арқылы көмекке мұқтаждар мен қолы ашық жомарт жандардың арасында алтын көпір құрылды.
Ақбаян Сапарбек, «Жан жылуы» бағдарламасының жүргізушісі:
- Осы бағдарламада жұмыс істеп жүріп, 20 минуттың ішінде адамның өмірін өзгертуге болатынына көз жеткіздім. Өйткені, бағдарламаның ұзақтығы 20 минут. 400 эфир болса, 200 адамның тағдырына Ұлттық телеарна әсер етті деп айта аламын. 20-дан астам бала ата-ананың мейіріміне бөленіп, бүгінде елімізге қызмет етіп жатқан азаматтар. Оны білемін, әрқайсысымен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын.
Ұлттық арнада көрсетілген «Сенбілік таң», «Қазақстан, «Менің елім», «Меншікті мекен» хабарлары көрермен көңілінен шықты. Қонақтары заманында талай асуларды алып, шыңдарды табындырған алдыңғы буын ағалар мен аналар болған «Сыр-сұхбат» бағдарламасының да орны ерек. Ал, «Еркетай», «Айгөлек» кішкентай көрермендерді экран алдына жинады. «Екі жұлдыз», «Кеш жарық» сияқты музыкалық ойын-сауық хабарлары әлі күнге дейін халық есінде.
Фариза Мұсақызы, тілші:
- Қазақ телевизиясының 60 жылдық тарихында мыңдаған бағдарлама жасалды. Біздің атағанымыз тек бір бөлігі. Олардың әрқайсысының тарихы мен өміршеңдігі әр түрлі. Алайда, кез келгені қоғамның әл-ауқатын арттыруға, сана-сезімінің сәл де болсын өзгеруіне септігін тигізгені, тигізетіні сөзсіз.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ