Елімізде бірыңғай электронды еңбек биржасы құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бірыңғай электронды еңбек биржасы құрылады

21.02.2018

Жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытта заңды түрде ақша таба алады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Мәжіліс қабырғасында депутаттардың алдында алғаш рет министр ретінде заң жобасын таныстырған Мәдина Әбілқасымоваға депутаттар қолдау көрсетті.

Ал, құжатқа келсек, енді жұмыс іздеген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады. Жұмысқа орналасу рәсімін тездету үшін жұмыссыз азамат жұмысқа келісетіні не келіспейтіні туралы мәліметті үш жұмыс күні ішінде ұялы телефонмен немесе электронды түрде хабарлай алады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және барлық бос жұмыс орны мен барлық елді мекен бойынша бірыңғай электронды еңбек биржасы құрылады.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістерді мақұлдады. Құжат Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесінде әзірленген болатын. Комиссияның барлық ұсынысы заң жобасына еніп отыр. «Мәселен, заң жобасында жарғылық капиталында шетелдіктердің немесе шетелдік заңды тұлғалардың үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беруге мораторийдің қолданылуы кеңейтіледі.

Енді жарғылық капиталға шетелдік қатысудың кез келген пайызы жер учаскесіне тиісті құқықтарды алмауға себеп болады. Осылайша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2021 жылғы 31-желтоқсанға дейін шетелдік жер пайдаланушыларға жалға берілмейді. Барлық жеке және заңды тұлғалардың жеке меншігіне де берілмейтін болады. Ал, республика азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер уақытша жерді пайдалану құқығымен ғана беріледі.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу