Үкіметте тасқын судың алдын алу жайы пысықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте тасқын судың алдын алу жайы пысықталды

20.02.2018

Көктемгі тасқын суға қарсы дайындық бүгіннен басталды. Үкіметтің селекторлық отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев барлық облыс әкімдерімен осы мәселені бір пысықтап өтті. Үкімет көктемгі тасқын суға қарсы тұру мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасын бекіткен болатын. Осы бағдарлама аясында біраз жұмыс атқарылды. Бірақ, қауіпті аймақтар әлі де бар. Жыл сайын миллиардтап қаржы жұмсалса да, көктемгі еріген қар суына төтеп беру мүмкін болмай тұр. Енді Үкімет тасқын суға қарсы тактиканы өзгертуі мүмкін.

Биыл қардың түсімі аз. Бірақ, жердің тоң қабаты қалың. Сол себепті, күн дереу жылынса, еріген қар суы жерге сіңбей айналасына тез жайылып кетеді. Мұндай жағдай тіптен қауіпті. Облыс әкімдері бүгінгі есептерінде тасқын суға дайын екендіктерін жеткізді. Бірақ, жылда суға кету жағынан елімізде аты шыққан Атбасар бар. Елді мекенді қоршалай бөгет тұрғызылса да, су шайып кете береді. Тіпті тұрғындар бөгетке сенбейді. Сол үшін басқа қауіпсіз аймаққа көшіруді сұрап, Үкімет басшысына хат жазған. 

Мәлік Мұрзалин, Ақмола облысының әкімі:

- Бұл расымен дұрыс шешім. Егер біз 9 шақырымдық бөгет тұрғызатын болсақ, оған 10 млрд. теңгеден артық қаражат жұмсалады. Ал, тұрғындарды жаңа үйлер салып, қауіпсіз аймаққа көшіретін болсақ, ол шамамен 530 үй, оған кететін шығын 3-5 млрд. теңге.

Үкімет тасқын суға қарсы тактиканы осылай өзгертпекші. Қауіпсіз аймаққа жаңа тұрғын үй аудандарын салу арқылы. Ал, ірі қалалар үшін мұндай әдіс тиімсіз. Мәселен, Қызылорда қаласы дарияның дәл жиегінде. Қаланы бір орыннан екінші орынға көшіру мүмкін емес.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Қауіпті сейілту үшін былтыр басталған бөгет құрылысын аяқтау керек. Былтыр Үкіметтің резервінен 290 млн. теңге бөлініп 1,4 шақырым бөгет салынды. Негізі 8 шақырым болу керек. Енді оны соңына дейін жеткізу үшін 2,8 млрд. теңге қаражат керек. Осы соманы тездетіп бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын. Техника мен құрылысшылар дайын.

Үкімет ауа райының нақты болжамын біліп отыру үшін былтыр «Қазгидрометке» қаржы бөліп, жаңа техникалар алды. Енді тиісті орындарға барынша дәлме-дәл ақпарат беріледі. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- «Қазгидрометтің» су тасқыны кезеңіндегі негізгі гидрологиялық болжамдары мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне 2018 жылдың 1-наурызынан бастап апта сайын әр үш күн сайынғы нақтылаумен 7 күндік мерзімдікпен ұсынылатын болады. 

Тағы бір қауіп шағын су қоймаларынан болуы мүмкін. Әсіресе солтүстік, орталық және батыс аймақтарда. Өйткені, көп тоғандардың иесі тиісті гидрожабдықтарды алмаған, суға ие бола алмай, маңайдағы тұрғындарға дер кезінде хабар бере алмауы мүмкін. Аймақ басшыларына осы жағдайларды реттеу және айтып келмейтін апатқа дайын тұру мықтап тапсырылды.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу