«Даму» қоры мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге жәрдемдесуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Даму» қоры мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге жәрдемдесуде

19.03.2014
«Даму» қоры  мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге жәрдемдесуде

Бизнесті бастау, алғашқы пайдасын көргенге дейін оны алып жүру - оңай шаруа емес. Бұл - он екі мүшесі cау адамның өзіне қиын тірлік. Ал,  мүмкіндігі шектеулі жандардың мұндай іспен айналысуы қаншалықты ауыр болары айтпаса да түсінікті.

 
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры  отандық екінші деңгейлі банктің бірімен бірігіп, мүгедек кәсіпкерлерді қолдау үшін біраз шаруаны қолға алды.
 
Атап айтқанда, қайтарымсыз гранттар бөлуде. Бүгінге дейін 16 миллион теңге осы іске жұмсалыпты. Жобаның талабы да оңай. Бастысы - олардың бизнес-жоспары болуы керек.
 
Сәндібек Баймырза, кәсіпкер:
Қол-аяғым сау. Тек көзім көрмейді. Сол себепті ешқандай мекеме жұмысқа алмады. «Даму» қоры жәрдемдесіп, ақысыз курсқа қатыстырды. Мен массаж жасау мамандығын меңгеріп шықтым. Сосын, алған біліміме арқа сүйеп, өз кәсібімді аштым. Қор маған қажетті массаж үстелін, құрылғыларды сатып алуға грант бөліп отыр.
 
Ғабит Лесбеков,  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарушы директоры:
Бұл жобаның мақсаты - мүгедек кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Олар көбіне ақпараты қайдан алу керектігін білмейді. Сондықтан да, аймақтағы филиалдардағы қызметкерлер кәсіпкер мүгедектердің арызын жинайды. Қажет болса, курстардан өткізеді, кеңес береді. Оларға бизнес-жоспар жасайды. Сәйкесінше грант үшін конкурсқа қатысады.

Хабарламаларға жазылу