Алматы маңындағы ауыл тұрғындары қалаға қатынау үшін сағаттап автобус күтуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы маңындағы ауыл тұрғындары қалаға қатынау үшін сағаттап автобус күтуге мәжбүр

14.02.2018

Алматы облысы Іле ауданының Ынтымақ, Қоянқұс, Жаңаталап және Жаңадәуір сияқты мегаполиске жақын ауыл тұрғындары күнделікті қалаға қатынау үшін сағаттап автобус күтуге мәжбүр. Бар техниканың өзі ескірген, апаттық жағдайда. Кейде тіпті жүрмей қалады. Бұл Алматыда оқитын студенттер үшін де үлкен мәселеге айналған. Сондықтан, осы жағдайға алаңдаған тұрғындар арнамызға хабарласқан еді. Тілшіміз Нұрлан Асқарұлы мәселенің мән-жайын біліп қайтты.

Гүлбаһар Тарғынова жылдар бойы автобустың жырын айтып келеді. Ауыл тұрғындарының бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Он жылдан бері қыстың қытымыр суығында сағаттап автобус күтуге үйреніп қалған. Сондықтан, олар бұл мәселе алдағы он жылда шешіле қояды дегенге сенбейді. Дегенмен, көпшілік буыны қатпаған оқушылар үшін алаңдайды.  

Гүлбаһар Тарғынова,  Ынтымақ ауылының тұрғыны:

- Біздерге қазір автобус проблема болып тұр. Олар 40 минуттан жүреді. Жол алыс. Қыста мүлде шықпайды. Біз таксимен барамыз.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:

 - Міне, мен қазір Ынтымақ ауылындағы орта мектептің қасында тұрмын. Бұл жерде қоғамдық көліктің уақытылы келуін тексеретін боламыз.

Қазір менің осы аялдамада тұрғаныма бір сағаттан асып кетті. Автобус әлі жоқ. Мен түгілі, балалардың өздері тоңып қалды.  

Ауылдық аумақтағы бірнеше ауылдан келетін балалар қыстың суығында таңертең, кешке осылай қоғамдық көлікті сағаттап күтеді. Басқа амалдары жоқ. Алматыға жақын орналасқан ауыл тұрғындарының басты қайғысына айналған жағдайды жергілікті басқарушы биліктен сұрап-білу үшін әкімдікке бардық.

Мақсат Орынбасаров,  Іле ауданы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Олардың маршруттарының бағыттарын бекітіп беретін, конкурс өткізетін Алматы қаласы. Дегенмен, бұл шаруа жайлы білеміз. Іле ауданында әрдайым жиналыстарда көтеріледі.  

Жиналыс сайын мәселе көтерілгенімен одан қорытынды шықпағандықтан, Жаңаталап, Жаңадәуір, Қоянқұс және Бірінші май ауылдарына 1бағыттағы маршрут қызмет көрсетеді. Әр ауылға жаңа бағыт ашатын жеке компаниялардың шамасы жоқ.

Алмас Аңламасов, «Саяхат»  ЖШС директорының орынбасары:

- Мемлекеттік тұрғыдан жәрдем, кейін дотация болмағандықтан, жаңа машиналарды жаңартуға мүмкіншілігіміз болмады.

Тұрғындарды тасымалдауға жауапты мекеме мамандарының сөзі - осы. Бұған қарап біз аталған ауылдардағы жағдайды қадағалайтын орган табылмай мәселенің шешілмейтінін аңғардық.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                  

Хабарламаларға жазылу