Қызылордада мыңдаған үй газсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада мыңдаған үй газсыз қалды

14.02.2018

Бүгін Қызылорда қаласындағы  №2 автоматтандырылған газ реттегіш станциясында апат болып, облыс орталығындағы 8 500 үй көгілдір отынсыз қалды. Диаметрі  500 сантиметрлік жерасты құбырының түйіскен жері ажырап кеткен. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралі арқылы шаһарды газбен қамтып отырған қосалқы нысанда қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. «Ертең таңертеңге дейін жағдай толықтай қалыпқа келеді»,- дейді мамандар. Ал, оқиғаның себебін тексеру комиссиясы анықтайды. 

Медет Усайн, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- «Қызылордажылуэлектр орталығын» толығымен резервтік мазут отынына көшірдік. Бүкіл Қызылорда қаласы қазіргі таңда толығымен жылумен қамтамасыз етіліп отыр.

Жаңа ғана келіп түскен мәлімет бойынша осыдан жарты сағат бұрын қалаға толықтай газ берілді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу