Агросалаға жан-жақты қолдау қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агросалаға жан-жақты қолдау қажет

09.02.2018

Аграрлық ғылымда алға жылжу жоқ. Бұған тосқауыл алдымен ғалымдардың жалақысы мардымсыз болған соң басқа қызметке ауысуы. Салдарынан инновациялық технологияларды енгізіп, мол өнім алу ойдағыдай жүзеге аспай отыр. Мұнымен қоса, аграрлық оқу орындарында заманға лайық маман дайындау қажет.

Бірақ, сол білім қабырғаларының материалдық-техникалық базасы талапқа сай ма? Ақмола облысына қарасты Шортанды ауылында осы жағдайларға баса назар аударып Мәжілістің аграрлық мәселелер комитеті көшпелі кеңес өткізді.

Ғани Қалиев, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының академигі:

- 90-шы жылға қарағанда биылғы жылдар малдың басы екі есе кеміді. Техника азайды. Бәрінің тозығы 80-90 процентке жетті. Бізде 185 млн гектар жайылым жер бар. Соның 70 проценті пайдаланылмайды.

Бұл уәжбен кеңеске келгендер түгел келісті. Тіпті қосары да бар болып шықты.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

 - Астық жинау әлемдік стандартпен сәйкес келмейді. Мал қоңдылығы, одан алынатын өнімі жөнінде де, жем өндірісіне қатысты да өзекті сауалдар бар. Мұның барлығы көп жағдайда ғылым мен тәжірибенің ұштаспауынан туындап отыр.

Яғни, ғалымдар малдың өнімділігі мен егіннің түсімін молайтуға бас қатыруы керек. Жануар мен өсімдіктің генетикалық әлеуетін көтеріп жоғары сұрып пен асыл тұқым алу жағын ойластырған жөн. Бірақ, мұндай зерттеумен айналысуға қаржы тапшы, мамандарда да құлшыныс жоқ. Ал, шетелдерде ғылымды қаржыландыруға бизнес-қауымдастық та мүдделі. Мәселен, былтыр Люксембургте – 80%, Жапония мен Германияда – 70%, Финляндия, Швеция, Қытай, АҚШ-та – 65% болса, Францияда – 54% құрады. Қазақстанда 10%-да жетпейді. Дегенмен, осы мәселені министрлік ескеріпті. Енді байқау бойынша ғылыми тақырыптарға қолдау жасалмақ. 

Елбасының Жолдауында ғылым-білім-өндіріс үйлесім таппаса, үлкен нәтиже күту қисынсыз делінген еді. Агроөнеркәсіптік кешен үшін кадр даярлап, ғылыми жетістіктерді енгізу керек. Сөйтіп, 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін еселеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін 2,5 есеге арттыру мақсаты тұр. «Осы ретте ғылыми-зерттеу институттары мен фермерлер бірлікте әрекет етсе берекеге кенеледі»,-дейді.

Сондай-ақ, қазір ылғал-ресурс үнемдейтін технологияларды дамытуға, бәсекеге қабілетті сорт пен тұқымды іріктеуге және жемшөп өндірісі, шикізатты қайта өңдеу мен тауарлы балық өсіруді нықтап қолға алу керек. Тағы соқа сүйреп, күрекпен жер аударатын заман қалды. Сол себепті, жыл сайын 6000-нан аса шаруа қожалығы ғылыми зерттеулермен қамтылатын болады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу