7 мыңға жуық лаңкес ТМД елдеріне оралуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 мыңға жуық лаңкес ТМД елдеріне оралуы мүмкін

08.02.2018

«ДАИШ» террористік ұйымының шамамен 7 мыңға жуық сарбазы Сириядан Ауғанстанға қоныс аударды. ТМД-ның бірнеше мемлекетінен, соның ішінде Орта Азия елдерінен жиналған бұл лаңкестердің әрқайсысы, енді алдағы уақытта өз отандарына қайтуы мүмкін. Сондықтан, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы терроризммен күресті күшейтіп, осы қауіптің алдын алуы керек. Бұл туралы бүгін Мәскеу қаласында баспасөз мәслихатын өткізген, осы ұйым бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл міндет биыл Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына төраға болып отырған Қазақ елінің басымдықтарымен тұспа-тұс келіп тұр. Валерий Семериков Қазақстан тарапы белгілеп берген осы және өзге де мақсаттарды іске асырудың нақты жоспары әзірленгенін айтты. Құжат 15 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарауына ұсынылады. 

Валерий Семериков, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Қазақстан Президенті ұйымның алдында тұрған бірнеше басым бағытты белгілеп берді. Біріншіден, ұйым құрамындағы елдердің әскери саладағы ынтымақтастығын кеңейту керек, яғни, қорғаныс қабілетін нығайту деген сөз. Екінші басымдық әскери-техникалық ынтымақтастыққа қатысты. Үшіншіден, Қазақстан тарапы халықаралық терроризммен күресті күшейтуді ұсынып отыр. Бұл жерде ақпараттық қауіпсіздікке мән беру ерекше маңызды. Сонымен қатар, есірткі саудасымен күрес те басым бағыттың бірі.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу