Көмірді жөнелтудің жаңа тәртібі енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмірді жөнелтудің жаңа тәртібі енгізілмек

06.02.2018

Елімізде көмірді жөнелтудің тың тәртібін енгізу қажет. Қатты отынмен ең алдымен қарапайым халық қамтылады. Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Үкіметке осындай ұсыныс жасамақ. Бұған қоса, көмір тапшылығын туындатып отырған шаһарлардағы көмір қоймаларымен жүйелі жұмыс істеу керек. Бұл туралы ведомство өкілі Шығыс Қазақстандағы «Қаражыра» кен орнына жасаған іссапарында мәлімдеді.

Қаражыра кен орны 2017 жылы мекемелер мен қарапайым тұтынушыларға 7 млн. тонна көмір жөнелткен. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай көбейеді. Себебі, қазір кешенге шалғайдағы аудандардан да тұтынушылар келіп жатыр. Бұған қоса, Талдықорған, Қарағанды өңірі мен Павлодардан сұраныс бар. «Алыстан арбалағандар» саны артқан сайын қатты отынның бағасы да көтерілуде.

Дарын Сағитов, тілші:

- Кен басында қатты отынның тоннасы 5 800 теңге. Ол тұтынушыларға жеткенше бірнеше есе өседі. «Нарықтық жағдайда мұндайға ешқандай шара қолдана алмаймыз», -  дейді кешен өкілдері.

Әсет Сыдықов, «Қаражыра» АҚ коммерциялық басқарушы директоры:

- Бағаның қымбаттауы біріншіден, өткен аяздарға, сұраныстың көбеюіне байланысты.

«Бәсекелестік ортада мұндай жағдай болады», - дейді Энергетика министрінің орынбасары. Жағдайды реттеу үшін ведомство Үкіметке көмірді тұтынушыларға жөнелтудің тәртібін қайта қарау жөнінде ұсыныс жасамақ. Қатты отын әуелі тұрғындарға жеткізілуі тиіс. Содан кейін жылу қазандықтары мен кәсіпорын-мекемелер алады. Ішкі нарықты қамтып болған соң ғана экспортқа шығу керек.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Ең алдымен қазақстандық сұраныс қанағаттандырылуы қажет. Бірінші кезекте комммуналдық-тұрмыстық салаға көңіл бөлеміз. Бұл - қарапайым халықтың сұранысы.

Қатты отын тапшылығына жол бермеу үшін атқарушы орган да жүйелі жұмыстарды қолға алу керек. Бұған қатысты нақты тапсырма да бар.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

- Тасымалдаумен кім айналысады? Біз осыны анықтап алып, тиісті жұмыстарды жүргіземіз. Бизнес өкілдерінен де ұсыныстар бар. Заң жүзінде келісімшарт сынды тиісті құжаттарды да рәсімдеп, талап та қоя аламыз. Соның аясында, тұтынушыға ұсынылатын бағаны бақылауға болады.

Қаражыра - елдегі көмірге бай кен орындарының бірі. Қатты отынның қоры шамамен миллиард тоннадан асады. Қаңтарда 712 мың тонна көмір жөнелтілсе, ақпанда тағы 620 мың тонна қатты отын өндіру жоспарланып отыр.

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу