«Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы аяқталды

02.02.2018

Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форум аяқталды. Оған Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанның Премьер-Министрлері мен халықаралық IT компаниялардың өкілдері қатысты. Алқалы жиында беделді отандық және шетелдік сарапшылар экономиканы цифрлық жүйеге көшіру бойынша әріптестік мәселелерін талқылап, пікір алмасты. Айта кетейік, форум Елбасының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Былтыр қазан айында Президент Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кеңесінде экономиканы цифрландыруға байланысты арнайы кездесу өткізу туралы бастама көтерген еді. Мұны аталған Одақ мемлекеттерінің басшылары қолдаған.

Қазір жаһан сәт сайын жаңарып жатыр. Сондықтан, заманға қарай икемделіп, ел экономикасын ілгерілететін игіліктерді игеру қажет. Оған қоса, осы бағытта мүдделес мемлекеттер бірлессе, уақыт талабына сай жүреді. Мүдделес дегеніміз, экономикалық тұрғыдан. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкіметі бүгінде сандық жүйені меңгеріп, енгізуге бейім. Бұлай етпесе, әлем көшіне ілесу мүмкін болмайды.  

Максим Казак, форумның модераторы, «CNews» басылымының бас редакторы:

- Қазір басқа кезең жүріп жатқанын мойындауымыз керек. Мұны «Сандық революция» кезеңі дейміз. Бұл -  технологиялар туралы санамызды жаңғыртатын, тіпті, түбегейлі өзгертетін сәт. Бұдан былай адамзаттың өмір сүруі ақпараттық технологияларды меңгеруімен байланысты әрі оны тиімді пайдалануында болмақ.

Форумның жұмысы төрт тақырыпқа негізделді. Біріншісі, «Инновациялар және технологиялық кәсіпкерлік». Екіншісі, «Бастамалар мен жобалар». Үшінші - өнеркәсіпті цифрлау. Соңғысы, «Ауыл шаруашылығының цифрлық түрленуі». Осы төрт ашық ой алаңында қызу пікірталас болды. Криптовалютаға деген кіріптарлық, ақылды технологиялар, кадр жетіспеушілігі тағы да басқа мәселелер кеңінен айтылды.

Джо Сун Вон, «POSCO ICT» компаниясының маркетинг бойынша жетекшісі:

- Қазақ елінің цифрлы жүйеге көшу бастамасы - дұрыс іс. Назарбаевтың стратегиясын құптаймын. Себебі, экономикалық жағынан индустрияландыруға маңыз беріп отыр. Бұл зауыт, фабрикалардың жұмысы. Қазір бәрі автоматтандырылып жатыр. Бірақ, техника дамыды екен деп адамдар жұмыссыз қалмауы керек. Мұндай кезде адам олардың көмекшісі болуы қажет.

Осылайша, сарапшылар Қазақстанның бастамасына қолдау көрсетіп, тіпті тәжірибелерімен бөлісуге әзір екендігін айтты. Себебі, біздің ел цифрлық қолтаңбаны қолданып, электрондық мемлекеттік қызметтерді оңай алып отыр. Мұны ТМД елдерінің арасында алғаш болып бастаған - Қазақстан. Ал, Елбасының тапсырмасына сай, Үкімет мемлекеттің цифрлық экономикасын дамытудың негізін дайындап қойды. Биылдан бастап іске асып жатыр.

Афик Жохар, Венчурлық және стратегиялық әріптестік жөніндегі малайзиялық Инновация орталығының жетекшісі:

- Жаңа технологияларды енгізуде Қазақстан жаңа бастамаларды қолға алды. Бұл үлгі боларлық іс. «ЭКСПО» көрмесін жоғары деңгейде өткізді. Ал, қазір ІТ мамандардың басын қосқан халықаралық форумды бастады. Осы тұста айтарым, «ЭКСПО» алаңында силиконды алқап құрса, жастар тың технологиялық революция жасауға мүмкіндік алады.

Ақылды технологиялар - аграрлық саланы дамытудың негізі. Бұл елді әлемдік нарыққа бастайтын жол. Озық технологияларды агроөнеркәсіпте және мемлекеттік басқаруда тиімді қолдану үшін кәсіби кадрларды көптеп тарту керек. Форумға қатысқан отандық сарапшылар осыны айтты.  

Рақым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының басшысы:

 - Егер еліміздің ауыл шаруашылығы саласына «Индустрия 4.0» элементтерін енгізсек, көптеген күрделі мәселелер шешімін табады. Мысалы, Канада мен Австралия сияқты елдер шамамен біздің жеріміздей аймақтан екі есе артық өнім алып отыр. Өйткені, түрлі технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. Сондықтан, бізге де аграрлық саланы толық цифрлық технологияға ауыстыру қажет.

Сарапшылардың пікірінше, инновациялық технологияларды қай салаға болмасын енгізуде тәуекел ету қажет. Ал, Қазақстан бұл бағытта арнайы бағдарламасын әзірледі. Сондықтан, ақылды технологияларға ден қойған ел әлеуетін арттыратындығы анық.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу