Көмір тапшылығының себебі түсіндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмір тапшылығының себебі түсіндірілді

31.01.2018

Еліміздің кейбір өңірлерінде көмір тапшылығы халықты әуре-сарсаңға салды. Әлеуметтік желілерде көмір үшін таласқан халық пен қатты отын бағасының шарықтағандығы туралы ақпарат лезде тарап кетті. Ал, құзырлы органдар бұл мәселеде асырасілтеушілік көп болғанын алға тарты.

Бір қап көмірдің құны 1300 теңгеден асып кетті деген жазбалар да әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Тапшылықтың болғандығын құзырлы органдар өздері де растады.

Бақытжан Жақсалиев,  ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Соңғы күндері қатты аяз бен боранның салдарынан көмір өндіру мен оны жеткізу жұмыстарында біраз қиындықтар болды. Теміржолдарда, тарату орындарында жұмыстар тежеліп қалып, әсіресе, оңтүстік өңірлерде көмір тапшылығы болғаны рас.

Қара жерден көмір өндіретін компаниялардың өздері табиғи кедергілердің кесірінен жұмыстары тежелгендігін жеткізді. Сарышұнақ аязға техника да төтеп бере алмай, қаңтарылып қалған.

Әсет Сыдықов, «Қаражыра» АҚ басқарушы директоры:

- Біздің көмір өндіруімізді 30 пайызға азайтты. Өткен айда 10-12 күн ішінде халыққа беретін көміріміздің саны сәл азайған болатын.

«Дүйім жұртты дүрбелеңге салған бейнежазбалар Қазақстанда түсірілмеген. Бізде осыншалықты талас-тартыс болған жоқ». Министрлік өкілдері осылай деп мәлімдеді.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Әлеуметтік желілерде көмір үшін талас, бір-бірімен соғысқан көліктер туралы ақпараттар таратылып жатыр. Қазақстанда дәл осындай жағдай жоқ. Тарап кеткен бейнежазбалар біздің елде емес, көрші елдерде түсірілген.

Ал, біз бейнежазбаларды қайта қарадық. Сөйтсек, бір-бірін жұлып жейін деп тұрған жүк көліктерінің барлығына қазақстандық нөмірлер тағылған екен. Видео ескі болмаса, шетелдік емес екенін аңғардық.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Құзырлы органның есебіне қарағанда, биыл көмірдің өндірісі 8,2 миллион тоннаға артқан. Көмір көп. Бірақ, халықта жоқ. Мамандар болса, «мұндай қателікті алда жібермейміз, қыстың қамын жаз ойлаймыз», деп уәде берді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу