Елімізде адамның бет әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге шектеу қойылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде адамның бет әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге шектеу қойылмақ

29.01.2018

Бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасының таныстырылымы өтті. Дін атын жамылып, теріс әрекетке баратындардың жолы кесілмек. Мәселен, енді білім беретін діни ұйымдар ашық жұмыс істеуі тиіс. Ал, шетелге өз бетімен барып, діни білім алуға рұқсат берілмейді. Мемлекеттік қызметкерлерге де шектеу қойылып отыр.

Бұл азаматша 2011 жылы ғаламтор арқылы дағыстандық жігітпен танысқан. Шаңырақ көтереміз деп Пәкістанға шақырады. Некеге байланысты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан барлық шартты тәрк етіп ұлты авар жігітпен тұрмыс құрады. Заңдастырар құжаты, ата-анасының рұқсаты болмағандықтан, не Құдайдың, не Үкіметтің есебінде жоқ неке қиылады. Үш жылға жуық «ИГИЛ» лаңкестік ұйымының құрсауында болған. 2014 жылы Сирияда халифат жарияланғанда, Ракка қаласына жол тартады.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда елімізде 30 мыңнан астам заңсыз неке қиылған. Есепсіз есінемейтін нарық заманында есеп-қисап үйлену мәселесіне де келіп жетті. Қазіргі таңда неке қию қиындық тудырмайды. Тіпті, интернетте арнайы имамдар қызметі бар екен. Оған хабарласып көрдік.

Имам уәделі жерге кешікпей келді. Әріптесім Бақтиярмен эксперимент ретінде неке қидырмақпыз. Қызығы, псевдомолда мешітте емес, үйде емес, мейрамханада неке қиюға келісті. Қалтасын қалыңдатсаңыз, болғаны. Міне, осылайша, әке-шешенің рұқсатынсыз, заңды неке қию куәлігінсіз мұсылманша некеге тұру қиындық тудырмады. Мұндай мысалдар елімізде жетеді. Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы қыздардың 5 пайызға жуығы тұрмыста.

Қоғамның негізі жанұя болғандықтан, жаңа заң жобасында неке мәселесіне жүре қарауға, ата дәстүрімен қатар, қабылданған заңның шеңберінен шығуға жол берілмейді. Некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге рұқсат жоқ. Ереже сақтамаған жеке тұлғаларға айыппұл 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 120250 теңге, ал, заңды тұлғаларға 481 мың теңге. Сондай-ақ, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге болмайды. Егер да заңды бұзсаңыз, бірінші рет ескерту аласыз, екінші рет 120250 теңге айыппұл төлейсіз. Аталмыш норманы қабылдау әйелдердің дінді ұстану немесе ұстанбау құқығын шектемейді. Балаларға қатысты нормалар бар.

Құжат бекісе, діни білім беру ұйымдары өз қызметтерін оқу, ғылыми-зерттеу және қаржылық қызметі туралы қоғамды хабардар ете отырып, ашық түрде жүзеге асырады. Осыған дейін елімізде 1 мыңдай күмәнді ұйымдарда 30 мыңға жуық адам білім алып жүргенін айтқан едік. Шетелдегі діни білімге де шектеу қойылады.

Бүгінгі қаралған шектеулер шайттанның жетегінде кетпеудің, қоғамда дінге деген дұрыс сенімнің қалыптасуын көздейді. Енді миссионерлер тіркелу үшін діни білімінің бар екенін растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Бүгінгі талқылауға тек Үкімет, депутаттар емес, сарапшылар, дін өкілдері де қатысты.

3-бапта деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалану, кию және таратуға жол берілмейді делінген. Ал, 6-бапта Дінтану сараптамасының теріс қортындысын алған діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды Қазақстан Республикасының аумағында таратуға жол берілмейді, олар пайдаланылмауға тиіс және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айналымнан алынып тастауға жатады деп көрсетілген. Мемлекеттік қызметкерлерге де үш шектеу қойылып отыр.

Әзірге 50-ден астам өзгерту ұсынылып отыр. Алайда, құжаттың шикі тұстарымен әлі жұмыстар жүргізіледі. Бүгінгі айталғандар тек ұсыныс қана. Заңмен Үкімет пен Парламент біріге отырып, жұмыс істейді. Ал, басты мақсат адасқандарды тура жолға салып, бей-берекетсіздікке жол бермеу.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу