Елімізде сотсыз шешетін ұйымдарды көбейту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде сотсыз шешетін ұйымдарды көбейту қажет

26.01.2018

Дауды шешудің ең тиімді жолы – екі жақты да сотсыз мәмілеге келтіре алатын институттар санын көбейту. Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов өткен жылды қортындылаған кеңесте осындай ұсыныс тастады. Оның айтуынша, Тәуелсіздік жылдары небәрі 200 мың шағым келіп түссе, қазір бұл көрсеткіш миллоннан асқан. Жоғарғы сот төрағасы қит етсе сотқа жүгіретін тұрғындар көп екенін айтып қаймықты. Әсіресе, ағасы інісін, әкесі баласының үстінен арыз жазатын оқиғалар саны артуда. Бұл қағазға көміліп жүрген судьялардың да жұмысын жеңілдетпейтіні белгілі. Оның үстіне, қаралған істің тек 0,2 пайызы ғана ақталады. Сондықтан, медиация саласына екпін түсіріп, соған ұқсас өзге де ұйымдар құру қажет. Мәселен, Еуропа елдерінде телефон арқылы небәрі жарты сағатта мәселені дау-дамайсыз шешетін органдар бар. 

Жоғарғы сот төрағасы бір-бірімен бәсекелесіп, рейтинг үшін шындықты жасырып қалатын облыстық соттарды сынға алды. Оның айтуынша, судья үшін цифр, есеп, рейтингтен қарағанда адам тағдыры алғашқы кезекте тұру керек. Жас судьяларды іріктеу талабын күшейтіп, электронды жүйеге көшу керек деген Жақып Асанов биыл сот саласында жаңа реформа жасамайтынын айтты. 

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу