Қыздарынан жұмбақ жағдайда айырылған отбасы әділдік іздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыздарынан жұмбақ жағдайда айырылған отбасы әділдік іздейді

24.01.2018

Естеріңізде болса, осыдан алты ай бұрын Алматының Алғабас ауданында сегізінші қабаттан құлап, қайтыс болған Тілеугүл Қуанышқызының денесі табылған еді. Оқиға қоғамда қызу талқыланды. Себебі, ол «Мені алып қашып бара жатыр» деп туыстарына қоштасу хатын жазып кеткен. Бірақ, осы уақытқа дейін оны кімнің алып қашқаны, істің артында кімнің тұрғаны толық ашылмаған. Ал, екі күн бұрын Тілеугүлдің әкесі де өмірден озды. Жақындары отағасы қызының қайғысын көтере алмай, істің әділ шешілмегеніне қапаланып, құсадан қайтыс болды, деп қайғыдан қан жұтып отыр.

Тілеугүл Қуанышқызының қайтыс болғанына жарты жылға жуықтады. Бірақ, оқиға жұмбақ күйінде қалды. Сегізінші қабаттан құлап кетті деген қыздың өліміне қатысты әуелде түрлі болжамдар айтылған. Ал, өлімге шын мәнінде себепкер азаматты табу үшін оның ата-анасы тиісті органдарға арызданып, шағымданған. Алайда, осы уақытқа дейін алты бірдей тергеуші ауысып, жақында «құрамында қылмыс жоқ» деп істі тоқтатқан. Соны естіген Тілеугүлдің әкесі «Әділдікке жете алмадық» деп қайғырып, жүрегі шыдамай өмірден озған.

Жанаргүл Бұзауқызы, Тілеугүлдің анасы:

- Қызымның ісін жауып отыр тергеушілер, бірінен кейін бірі ауысып отыр. Сол қылмысты жауып, қылмыскерді жазаламағандықтан жолдасым қайтыс болып отыр. Жүрегі көтере алмады.

Гауһар Мәсімбекқызы, Тілеугүлдің жақын туысы:

- Әділет іздейміз. Өйткені, қалған бауырларымыз аман болуы үшін, келініміз аман болуы үшін. Осылардың қабырғасы қайысып, жүректеріне ауыртпалық түспеуі үшін Үкімет бізді әділеттікке жеткізсе.

Қорғаушылар мен заңгерлер бұл істе шикіліктің көп екендігін айтады. Тіпті, Тілеугүл құлап қайтыс болды ма немесе өлім оқиғасы оған дейін болды ма, оның да тергеу амалдары дұрыс жүргізілген жоқ, деп есептейді. Марқұмның денесіне жасалған сот сараптамасымен де келіспейді. Осындай бірнеше өтініш хатқа қанағаттанарлық жауап алмаған.

Камиша Есмұхаметқызы, заңгер:

- Бұл жерде зорлық белгісі бар. Яғни, Тілеугүлді зорлаған. Қосымша сараптама тағайындаған болатынбыз. Сол сараптамада белгісіз адамдардың саусақ іздерін көрсетіп отыр. Ол саусақ іздері кімге тиесілі. Ол анықталмаған осы уақытқа дейін. Айта берсек сұрақ көп.

Адвокаттар қазір Алатау аудандық прокуратурасына істі қайта қарау туралы өтініш хат жолдаған. Ал, Тілеугүлдің туыстары мен жақындары одан нәтиже болмаса, Жоғарғы сотқа шағымданбақшы. Өйткені, 19 жасында қыршын кеткен қыздарының өліміне нақты кінәлі азаматты тауып, қатаң жазаланғанын қалайды.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу