«Жоңғар Алатауы» табиғи паркі аумағында жабайы жануарлар саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жоңғар Алатауы» табиғи паркі аумағында жабайы жануарлар саны артып келеді

23.01.2018

Алматы облысындағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жабайы жануарлар саны артып келеді. Парк ашылған 2010 жылы небәрі 8 қар барысы тіркелсе, қазір олардың саны 39-ға жетті. Сол сияқты Қазақстанның Қызыл кітабына енген марал, аю, сілеусін сынды түз тағылары да көбейген. Ерекше қорғалатын аумаққа ұлттық парк қызметкерлері бірнеше жылдан бері жасырын фото және бейнекамералар орнатып, аң-құстардың тыныс-тіршілігін бақылап келеді. Табиғат жанашырлары жинаған бейнематериалдарды біздің арнамызға ұсынды.

«Жоңғар Алатауы» табиғи паркі аумағында мекендейтін жануарлардың 8 түрі, ал, өсімдектердің 26 түрі Қызыл кітапқа енген. Былтыр осы тұмса табиғатты тамашалауға 2 мыңдай турист парк аумағына келіп қайтыпты.

Ұлытаудан іздейтін ұлар құсы да парктегі бейнекамера таспасына түсіп қалған. Жалпы, бұл камералар тау текесін, еліктің, суырлар мен басқа да тіршілік иесіне санақ жүргізуге өте қолайлы.

Есәлі Барлықбаев «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

 - Қазір қар барысының сегізі суретке түсірілді.

«Жоңғар Алатауы» паркі аумағында жабайы сиверс алмасы өседі. Отандық және шетелдік ғалымдар бұл алма барлық алманың атасы екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Сондықтан, паркке соңғы жылдары шетелдіктер жиі келеді.

Меруерт Сүлейменова, «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи паркі туризм бөлімінің басшысы:

- Туризм инфрақұрылымының бас жоспарына сәйкес, қазіргі кезде 40 адамға арналған 2 туристік база салынды. Туристік рекреациялық қызметті жүзеге асыру мақсатында тендер ойнатудамыз. Болашақта тағы да 10 лот тендерға беріліп, туристік базалар салу жоспарлануда.

Парк аумағы барынша қорғалып жатқанымен, сұлу табиғатқа қол сұғып, тепе-теңдікті бұзатындар әлі де бар. Былтыр 20-дан астам браконьердің жолы кесілді. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу