Павлодар облысында 58 өзбек азаматы құтқарылды

23.01.2018

Ақтөбе-Ырғыз тас жолында өзбек азаматтары мінген тағы бір автобус  істен шықты. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Көлікте қазақстандық үш жүргізуші мен 47 өзбекстандық және Ресей азаматтығын алған 6 адам болған. «Шымкент-Уфа» бағыты бойынша жолға шыққан «Setra» маркалы автобус сынып,  Қалыбай ауылынан 24 шақырым жерде тұрып қалған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жолда қалғандардың  барлығын қауіпсіз жерге көшірді. 26-сы жылыту пунктіне, 27 адам «Қалыбай» трассалық медициналық-құтқару бекетіне уақытша орналастырылды.

Ақтілек Кеңес, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

- Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «Апаттық медициналар орталығының» күшімен барлық адам құтқарылды. «ҚазАвтоЖол» серіктестігінің көмегі арқылы сынған автобус Қалыбай ауылына жеткізілді. Енді жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу үшін Шымкенттен автобус шықты. Жолаушылар өз жолын жалғастыратын болады.

Ал, Павлодар облысы аумағында өзбекстандық азаматтар мінген тағы бір көлік сынып, жолда қалды. Автобус  қаладан 11 шақырым қашықтағы Ленин кенті маңында тұрып қалған.  58 жолаушы дереу Павлодар қаласындағы №1 автопарк ауласындағы жылыту пунктіне орналастырылды. Оларға ыстық тамақ беріліп, жатын орын дайындалды. Қазір көлікті жөндеп жатыр. Дерекке қарағанда автобус Оңтүстік Қазақстан тұрғынына тиесілі. Жолаушылар Шымкенттен Ресейдің Новосібір қаласына бет алған.

Фарух Ярматов, Өзбекстан азаматы:

- Шынымды айтсам, қатты қорықтық. Жақында болған қайғылы оқиғадан бетіміз шайлығып қалды. Бірден құтқару қызметіне жүгіндік. Осы жерге алып келіп, көмектесіп жатыр. Алғысымыз шексіз. 

Райгүл ЕНШІБАЙ, Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу