Ақтөбеде бір жасар сәби анасының салғырттығынан соқыр болып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде бір жасар сәби анасының салғырттығынан соқыр болып қалды

15.01.2018

Баласының тағдырына бейжай қараған 29 жастағы келіншек аналық құқығынан айырылды. Ал, зағип болған бүлдіршін сәбилер үйіне тапсырылды.

Үнемі арақтан аузы босамайтын әйел бала тәрбиесін мүлдем ұмытқан. Мұны полицейлер айғақтап отыр. Оған «сәбидің  денсаулығына зиян келтірді» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды.  Әу баста баланың көзіне дәрі емес, басқа сұйықтық құйып жіберді деген күдік болған. Алайда, сараптама нәтижесі асқынған аурудың салдарынан баланың көзінің көрмей қалғанын анықтады.  

Дәрігерлер «сәбидің денсаулығы қалыпты» деп отыр. Әйтседе, көз жанары енді емдеуге келмейді. Сондықтан, мүгедектігін рәсімдеу үшін құжаттарын жинауда. 

 Қадірбек Иманбаев, «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері:

- Бір ай шамасында қалалық балалар ауруханасында ем алды. Жағдайы жақсарған соң бізге түсті. Баланың екі көзі де көрмейді. Басқа органдары жағынан ешқандай патология жоқ. Бүгінгі күні республиканың білікті мамандарымен бірлесіп тағы бір тексеруден өткізуді жоспарлап отырмыз.

Қазір маскүнем әйелдің үш баласы кәмелет жасына толмағандарға арналған бейімдеу орталығында. Олармен психолог пен логопед мамандар жұмыс істеуде. Енді бір айдан соң үшеуі де балалар үйіне жіберіледі. Ал, жанарынан айырылған Александр үш жасқа толғанша сәбилер үйінде тәрбиеленеді.  

Райгүл ЕНШІБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу