«Жасыл» технологиялардың болашағы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жасыл» технологиялардың болашағы қандай?

15.01.2018

Бүгінде энергияны үнемдеп, экологиялық тазалыққа қатысты талаптарды арттыру -  жаһанның басты міндеттерінің бірі. Президенттің биылғы Жолдауында да ресурстық әлеуетті одан әрі дамытуға назар аударылды. Елбасы шикізат индустриясын ұйымдастыру ісін қайта пысықтау қажеттігін атап өтіп, экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізу керектігіне тоқталды.

«Астана ЭКСПО» көрмесін өткізгелі бері қоғам «жасыл» технологиялар тақырыбына бейімделді. Халықаралық шара арқылы Қазақстанның және әлем елдерінің баламалы энергия саласындағы даму қарқынын көрдік. Бүгінде республика жаңартылатын энергия көзінің 1 пайызын ғана тұтынып отыр. 2030 жылға дейін осы көрсеткішті  30 пайызға дейін арттыру жоспарда бар.  Ол үшін алдағы 2 жылда күн көзінен қуат алатын тағы 55 электр станциясы салынбақ.

Елбасы Жолдауында «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды делінген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өңір әкімдеріне шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған шараларды қолға алуды тапсырды. 

Бүгінде елімізде қалдықтардың 5 пайызы ғана қайта өңделеді. Ал, 90 пайызы полигондарға тасталып, қоршаған ортаны ластайды. Ал, шетелдегі тәжірибе 100 пайызға дейін жеткен. Тіпті, бір мемлекеттің басқа елден қалдықтарды сатып алып отырғанына да куәміз. Өйткені, қоқыс - энергия көзі.

Осыдан 3 жыл бұрын Бейжіңде ауа ластанып, өндіріс орындарынан шыққан түтін халық денсаулығына кері әсер етті. Салыстырмалы түрде, бүгінгі Астананың жағдайы да сол деңгейге жетудің аз-ақ алдында тұр. Осы мәселені 1 жарым жыл ішінде оңтайлы шешкен қытайлықтар тың тәжірибесімен бөлісуге әзір. Яғни, қаладағы жылу электр орталығынан шығатын түтінге тосқауыл ретінде арнайы сүзгі жүйесін орнатпақ. Яғни, осындай  шешімдердің, жобалардың арқасында  Қазақстанның   ресурстық әлеуеті одан әрі дами түседі,- дейді мамандар.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу