Маңғыстауда басына оқ тиген жігіт аман қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда басына оқ тиген жігіт аман қалды

12.01.2018

Маңғыстауда басына оқ тиген 22 жастағы бозбала аман қалды. Жігіттің өмірі үшін күрескен дәрігерлер күрделі операцияны ойдағыдай өткеріп, мидағы оқты алды. Оқиға 17 желтоқсан күні кешке Басқұдық ауылында болған.  Айтуларынша, төбелестің куәсі болған жігітті қанпезерлер басынан атып кеткен.

Дүзелбаевтар отбасының  қуанышында шек болмады. Олар баласы Абзалды аман қалады деп ойламапты. Енді қайғы кешкен күндер артта қалды.

Бәйімбет Шаухаров, жәбірленушінің атасы:

 - Біз атып кетті дегенді естіген кезде, өлді дегендей сездік. Құдайдың құдіретімен, Борис Чагайдың білімімен аман қалды. Сол үшін осы арадағы дәрігерлерге көптен-көп рахмет.

Қазір Абзалдың жағдайы жақсы. Өзі жүріп, тамағын ішеді. Тек сәл тілі күрмеледі. Баланы бір қауіптен аман алып қалған хирург Борис Чагай баланың толық оңалуы үшін уақыт керек екенін айтады.

Борис Чагай, хирург:

- Ота жасалғаннан соң бір аптаның ішінде комадан шықты. Қазір ем қабылдап жатыр.  Дәрі ішіп, физиотерапия алып, массаж алуда. Әлі ұзақ уақыт қалпына келеді. Себебі, оқ мидың ортасына тереңге тиген.

Қазір адам өлтіруге оқталу бабы бойынша іс қозғалып, 22 жастағы күдікті  қамауға алынды. Мұнайлы аудандық Ішкі істер бөлімінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Айсара АЙТМАН

 

Хабарламаларға жазылу