Талдықорғанда көпшілікті тәнті еткен ерекше мұражай бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда көпшілікті тәнті еткен ерекше мұражай бар

12.01.2018

Талдықорғанда ерекше музей бар. Қала тұрғыны Марат Қасенов оны өз үйінен ашып, өңір халқының рухани жаңғыруына үлес қосып келеді. Ертеден көне заттарды жинауға әуестенген зейнеткердің экспонаттары бүгінде 3 мыңнан асады. Қарияның шаңырағында ескі музыкалық аспаптар мен тұрмыстық заттар, 52 мемлекеттің валютасы, қару-жарақ және тағы басқа да құнды дүниелер бар. Ең бастысы, экспонаттарды көрем деген көпшілікке ақсақалдың есігі айқара ашық. Кіріп, аралағаны үшін ақша алмайды.

Шағын музей жертөледе орналасқан. Шағын деген аты ғана. 50 шаршы метрде ірілі-ұсақты 4000-ға жуық экспонат бар. Зейнеткер олардың ешқайсысын бөліп жармайды. Бәрі де құнды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

 - Бұл музейдің ең басты ерекшелігі, барлық техника әлі күнге дейін істеп тұр. Мәселен, 1927 жылы шығарылған патефон бар.

Марат Қасенов мұндағы заттардың бәрін өзі жөндеп, оларға қайта жан бітіреді. Орта ғасырдан бастап, күні кеше қолданған бұйымдарға дейін бар. Кейде туған жер тарихына бейжай қарамайтын қала тұрғындары да көне дүниелерді алып келіп жатады.

Марат Қасенов, қала тұрғыны:  

- Келген кісілер қылыштарды, шоқпарды, найзаны, патефон мен табақты бұрап ойнатады. Балалар айқайлап, шулап бірімен-бірі мәз боп қалады. Олармен бірге мен де мәз боламын.

Марат Қасеновтың жары қарап отырмайды. Қолы боста құрақ құрап, көрпе тігіп жастарды ісмерлікке баулып келеді.

Ұлтуар Зарлимова, қала тұрғыны:

- Рухани жаңғыру  отбасынан басталады. Содан балаларға үйретіп, тігіп жатырмыз.

Марат Қасеновтың жинаған экспонаттарын кейде мемлекеттік музейден сұрап алып, көрмеге қойып жатады. Зейнеткер мұражайын әлі де тың деректермен толтыруға ниетті. 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу