Теміртауды қара қар басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауды қара қар басты

08.01.2018

Теміртауға қара түсті қар жауып, тұрғындардың зәресін ұшырды. Жаңа жауған ақ ұлпаның беті әп-сәтте қарайып кетеді. Жергілікті халық қаланың экологиялық ахуалы нашар деп дабыл қағуда. Тіпті өздері түсірген бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жүктеп көмек сұрап жатыр. Жалпы, қаладағы қардың бетін қара ыс басып кететіні бұрыннан бар. Алайда, «биылғы жағдай тіпті қиын»,-дейді тұрғындар. Сол себепті қала әкімі облыстық экология департаментіне хат жолдады. Жергілікті билік осындай хатты экологтарға былтыр сәуір айында да жіберген еді. Сөйтіп, бірқатар кәсіпорындарға тексеріс жүргізіліп, «АрселорМитталТеміртау» компаниясы мен қаладағы электр-металлургиялық зауыт әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеген болатын. Ал, қазіргі жағдайдың себебі кезекті тексеріс қорытындысы бойынша нақтыланбақ. 

Серік Теміров, қала тұрғыны:

- Кешке қарай шыққанда көп сезіледі. Балалар далаға ойнап келгенде үстінде иіс болады, үстілері шаң болып келеді. Қазір күн суық, қысқы аяз біліне қоймайды. Ал, енді қар еріп жаз шыққанда зияны екі есе болады.

Владислав Цай, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Қала әкімі экология департаментіне тағы да хат жолдады. Мамандар мәселенің себебін  анықтап беруі тиіс. Жауабын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялауын сұрадық. Бұған қоса қаладағы кәсіпорындарға қайта тексеріс жүргізіледі. Бірінші кезекте бұл «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу