Шығыс Қазақстан облысында отандық өнімдердің сапасына көңіл бөлінуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында отандық өнімдердің сапасына көңіл бөлінуде

08.01.2018

Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданы мал бағуға қолайлы аймақ. Төскейінде төрт түлік өргізген өңірде ет және сүт бағытындағы шаруашылықтар жылдан-жылға қанат жайып келеді. Мәселен, 2017 жылы бұл бағытта 22 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ата кәсіппен шұғылданып, Тарбағатай етегіндегі ауданның әлеуметтік-экономикалық қарқынына демеу болған қожалықтардың саны 2 мыңнан асып жығылады.

 

Үржардағы сүт қабылдау орны аудан орталығындағы білім ошақтары мен әлеуметтік мекемелерді толықтай сүт өнімдерімен қамтып отыр. Шикізат жақын маңдағы ауылдардан тасымалданады. Шағын пунктте сүттен бөлек, 13 түрлі өнім дайындалады. 

 

Сәуле Тұрлыбекова, Үржар ауылының тұрғыны:

 - Біздің тұтынушылар осы жердің сүтін, қаймағын, сары ірімшігін жақсы көреді. Сапасы өте жақсы, бағалары қолжетімді.

 

Бұл аудандағы ең үлкен мал бордақылау алаңы. Алғашында мұнда небәрі 40-тай ірі қара болса, былтыр олардың саны 3 мыңға жеткен. Оның мыңы аналық бас. Қожалық австралиялық «Ангус» және француздық «Шароле» тұқымды ірі қараны да баптап отыр.  Ет өндірісін арттыру үшін қожалық мал басын болашақта 5 мыңға жеткізуді көздейді.

 

Манарбек Қабин, мал дәрігері:

 

- Ет бағытында ары қарай дамыту үшін «Казагропродукт»-пен келісімшартқа отырдық. Сол арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Етті біз тікелей Алматыға өткіземіз. Осы желтоқсан айында 2 мың бас ірі қараның етін өткіздік.

 

Ауыл шаруашылығы нысандарын аралаған Сенат депутаты ауданның аграрлық саладағы мүмкіндігінің зор екеніне көз жеткізді. Енді  жетістіктерді еселеп, экспорттық әлеуетті арттыру үшін бәсекеге қабілетті өнім өндіруге басымдық беру қажет.

 

Дүйсенғазы Мусин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 

 - Дүниежүзілік нарыққа сапалы, бәсекеге қабілетті өніммен шығуымыз керек. Әрине, бұл тарапта заңнамалық негіз елімізде жоқ емес, бар. Бірақ, ол уақыттың талабына сай жетілдіріп, өзгерістер енгізу керек.

 

Айта кетерлігі, 2017 жылы жоғары палатадағы аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті салаға қатысты 7 заң жобасын қабылдаған. Болашақта олардың тиімділігін арттыру үшін шаруалардың ұсыныстарын ескеруге дайынбыз, - дейді халық қалаулысы. 

 

Дарын САҒИТОВ

Хабарламаларға жазылу