Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры пара алып жатқан жерінен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры пара алып жатқан жерінен ұсталды

05.01.2018

Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Ерлан Біләл қомақты көлемде пара алып жатқан жерінен ұсталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі хабарлады. Театр басшысы заңды тұлғадан 1,5 млн. теңге талап еткен. Бұл мәліметті Алматы өңіріндегі ұлттық бюроға пара берушінің өзі хабарлаған. Егер лауазымды әртістің  айыбы дәлелденсе 3-тен 7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылуы әбден мүмкін. 

Нұрлан Жахин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 366-бабы, 2-бөлігі яғни, ірі көлемде пара алғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ол қазіргі уақытта күдікті болып табылады. Негізінен параны заңды тұлғадан мерекені тойлау қарсаңында келісімшартқа отыру үшін 1,5 млн. теңге пара талап еткен. Кінәсін мойындаған себепті босатылды. Бірақ та бұлтартпау шарасы қолданылады.

Дәл осындай күдікпен Қызылорда облысындағы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы да қолға түсті. Ол қараша-желтоқсан айларында қол астындағы мамандардан 20 мыңнан 150 мың теңге аралығында ақша талап еткен. Осылайша, қызметкерлерге әскери атақ алып беру үшін және тәртіптік жауапкершіліктен босату мақсатында бас-аяғы 600 мың теңге көлемінде пара алғаны анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  Кінәсі дәлелденсе, күдікті азамат 12 жылын түрмеде өткізуі мүмкін. Әрі мемлекеттік қызметтен толықтай шеттетіледі. 

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу