Астықты ауданның ахуалы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астықты ауданның ахуалы

13.03.2014
Астықты ауданның ахуалы

Ақмола облысының Бұланды ауданының ахуалы артып келеді. Елді мекеннің тұрмысы түзу. Президенттің биылғы Жолдауынан туындайтын ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әлеуметтің әлеуеті де әлді. Жергілікті бюджеттің бүйірін толтыратын жеке кәсіпкерлер мен инвесторлардың да шаруалары ширақ.

 
Бұл Бұланды ауданының орталығы - Макинск қаласы. Бұрынғымен салыстырғанда, бүгінде аймақтың әлеуметтік ахуалы әлдеқайда жоғары.
 
Мұнда мектеп, балабақша сияқты бұқараның базынасы мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде оң шешімін тапқан. Жұмыспен қамту ісінде де ілкімділік бар.
 
Ораз Смағұлов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:
Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы төңірегінде өткен жылы екі бірдей «Балдырған», «Балбөбек» балабақшалары салынды. 1-і 320 орындық, 2-і 140 орындық.
 
Аудан дамуының алғы шарты ауыл шаруашылығымен байланысты. Президенттің белді салаға басымдық беруінің мәні - осы. Өңірде өткен жылы диқандар әр гектардан 12 центнерден өнім алып, қамбаға 250 мың тоннадан астам астық жинады.
 
Әлбетте, мол өнімді ірі шаруашылық иелері беріп отыр. Оған қоса, көпшілікті арзан ұн, макарон өнімдерімен қамтыған серіктестіктердің еңбегі елеулі. Ал, Капитоновка ауылындағы «Журавлёвка-1» серіктестігі кәсіптерін тек бидайға ғана байламай, майлы дәнді-дақылдарды да өсіруге бет алды.
 
Сергей Колбаса, серіктестік басшысы:
Біз биыл тұқым тазалайтын кешен салдық. Бұған 220 миллион теңге жұмсалды. Әмбебап жүйе өзін ақтайды, деп сенеміз. Себебі, дәнді дақыл тұқымдарының сапасы жоғары болса, өнім көлемі де көбейеді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына жыл сайын берілетін субсидиямыз тағы бар. Бұл біз сияқты шаруалар үшін үлкен көмек.
 
Кәсіпкер өнімін жаңа зауытта әбден өңдеп, Макинскіде орналасқан астық қоймасына жөнелтеді. Ал, аудандағы мыңдаған тонна астықтың мұртын бұзбай, одан әрі қарай экспорттайтын солар.
 
Клара Меңдібаева, кәсіпорын басшысы:  
Қоймамызға 60 мың тонна астық сияды. Біз серіктестіктерден бидай, майлы дәнді дақылдарды қабылдап, кептіреміз, сақтаймыз. Ал, өнімдерді Еуропа, Иран, Азия елдеріне экспорттаймыз.
 
«Журавлёвка-1» серіктестігі егіннен бөлек, мал шаруашылығына да маңыз береді. Қораларындағы қазақтың ақ бас сиырларының күйі жақсы. Үш жыл бұрын мал басы 500 болса, қазір мыңға жетеғабыл. Бұқаларының салмағы бір тоннадан асады.
 
Тек Үкімет шетелдік асыл тұқымды ірі қараға ғана емес, жергілікті ақ бас сиырлардың санын көбейтуге де көбірек көңіл бөлсе, ел ет пен сүттен тарықпайды. Экспортқа да шығару тиімді, дейді кәсіпкер.
 
Сергей Колбаса, серіктестік басшысы:  
Әзірге ақ бас сиырдың етін Астанаға жеткізіп, сатамыз. Тек өткізуде проблема көп. Себебі, тапсыратын еттің көлемі аз. Сондықтан, делдалдар орта жолдан қағып кетеді.
 
Ауыл және мал шаруашылығымен айналысатын ағайын техникалары істен шықса, оны жөндеу үшін алысқа сабылмайды. Аудан маңындағы «Аскоп» серіктестігінің көмегіне жүгінеді. Қуанарлығы, кәсіпорында еңбек ететін 200 жұмысшы қала тұрғыны.
 
Игорь Шаяхметов, жұмысшы:  
Ауыл шаруашылығы институтын аяқтағаннан кейін осында жұмысқа орналастым. Үш жыл болды. Бес күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Айлығымыз жақсы, қолымызға 90 мың теңге аламыз.
 
Сондай-ақ, ұжым тек техниканың кем-кетігін түзеп қана қоймай, тіпті күнделікті тұрмысқа қажетті вагон-үй мен монша құрастыруды қолға алған. Сондықтан, соңғы технологияларға сүйеніп, тірлікті тақымдай білген кәсіпорынның қызметіне көптің сұранысы артқан.
 
 
Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу