«Тілшілік- тіршілік» айдарының кейіпкері - Раушан Сайлауқызы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тілшілік- тіршілік» айдарының кейіпкері - Раушан Сайлауқызы

28.12.2017

Журналист бал арасы тәрізді. Ақиқат іздеп, бармайтын жері, баспайтын тауы, ашпайтын есігі қалмайды. Осынау қиыны мен қызығы қатар жүретін күрделі мамандықты таңдаған «Тілшілік- тіршілік» айдарының кезекті кейіпкері - Раушан Сайлауқызы. Әріптесіміз ортамызға жуырда ғана келсе де,  ақпарат аламанындағы айтулы тақырыптарды қозғап, елеулісін екшеді. Қоғамдағы түйіні шешілмей келе жатқан түйткілдерді қалт жібермеді. Нысанаға алған кейбір маңызды мәселелердің арасында шешімін тапқандары да болды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Ұлттық арнаға келгеніме бүгін 4 ай. Мұндағы тілшіге жүктелетін  жауапкершіліктің ғаламат екенін бірден сездім. Маған тапсырылған алғашқы тақырып - халықтың наразылығын тудырған қымбатшылық мәселесі болды.  

Азық-түлік, дәрі, тіпті, емделу бағасының шарықтағанына көз жеткіздім. Бағасын бағамдап, базарлар мен дүкендер, дәріханалар мен емханаларды араладым. Салыстырып, сараптап, бұқараның базынасын мінбердегілерге жеткіздім.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Адам өміріне қауіп төндіретін нысандардағы жағдай да назарға ілікті. Темір жол маңындағы апаттардың себеп-салдарын, ашық тоқ көзінен туған қауіпті жауапты мекемелерге жеткізу де қолдан келді. Балалар арасында сколиоз, тіс жегі ауруларының таралуы мәселесіне қоғам назарын бұрып, қызу пікірталас тудырған екпенің пайдасы мен зиянын зерттеп көрдім.  

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Бүгінгі қоғам дертіне айналып бара жатқан тастандылар тағдыры мені де қатты алаңдатты. Астанадан табылған 4 айлық нәрестенің ата-анасына алғашқылардың бірі болып іздеу салдық. Түн ішінде көше кезген кішкентай Милана да жіті бақылауымызда болды.  Өкініштісі сол, олар әлі балалар үйінде. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Келесі мәселе әділетсіздікке тап болғандар түйткілі. Той болады деп келісім жасап, мейманхана әкімшісіне алданған халықтың жанайқайын жеткіздік.  Нәтижесінде 20 млн.теңге жымқырған мейманхана әкімшісі де тиісті  жазасын алды. Трансплантация жасатқан науқастардың күнде ішетін сапалы дәрісі көшірме түріне ауысатындығы  науқастарды алаңдатты. Тілшілердің  араласуымен бұл мәселе де біржақты шешілді.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы:

- Осы уақытқа дейін орган  ауыстырған науқастар түпнұсқа дәріні ішуді жалғастырады.

Дәрменсіз жұрттың жан жарасы да біздің назарымызда болды. Ала доптың шебері болғысы келетін аяқсыз баланың арманын жеткізіп, өмірге құштарлығын көпке үлгі еттік. Елордадағы жасы келсе де,  құжаты жоқ болғандықтан мектепке бара алмаған бүлдіршіндерді анықтап, білім алуына мүмкіндік бердік. Тағдыр сынына ұшырап, аяғынан айырылған анаға көмектестік. Соның нәтижесінде 43 жыл құжатсыз жүрген астаналық әйел Туу куәлігі мен мүгедектікке берілетін  көмекке ие болды. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

 - Осы уақыт аралығында көрерменге жол тартқан жүздеген материалдың артында жүздеген қызметкердің еселі еңбегі жатыр. Елді елеңдеткен елеулі тақырыптарды зерттеп, өзекті мәселелерді өз уақытында шешуге қашан да дайынбыз. Ендеше, хабарласыңыз!

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу