Ақсуат және Аманат ауылындағы үйлерді су шайып кетуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсуат және Аманат ауылындағы үйлерді су шайып кетуі мүмкін

28.12.2017

Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат және Аманат ауылындағы үйлерді су шайып кетуі мүмкін. Күршім ауданына қарайтын екі шағын елді мекен Зайсан көлінің жағасында орналасқан. Соңғы жылдары су деңгейі жоғары болғандықтан, көлдің ернеуі тым жылдам кеңейе бастаған. Жағалау биыл да бірсыпыра жылжып, тіпті тұрғын үйлерге жақындап қалған.

Осыдан екі жыл бұрын үйлері жарқабақта тұрған 6 отбасына қырдан жаңа баспана салып беру туралы шешім қабылданған. Бірақ, құрылысқа ақша жетпей қалып, ақырында жаңа үйге 4 отбасы ғана қоныстанды. Енді міне көлдің ернеуі тағы кеңейіп, жағалауда қалған басқа тұрғындарға да қауіп төніп тұр. Асау толқындар жағаға соққан сайын көл мен үйлердің арасындағы қашықтық қысқарып келеді.

Аудандық әкімдік жарқабақта қалған тұрғындардың жағдайын біліп отыр. Бірақ, айтуларынша, аудандық бюджет қалтасы жаңа үйлер салуға жетпейді. Облыстық қазынадан қаражат бөлінгенін күтіп жүр. 

Гүлнар Қанағатова,  Ақсуат ауылының тұрғыны:

 - Әкімдіктен, Өскеменнен де келді. Бәрін жазып әкетті. Құжатын жинап алды. Бірақ, ешқандай нәтиже шыққанын көрген жоқпыз.

Сейсенғазы Шоқаев, Күршім ауданының әкімі:

- Арнайы комиссия келіп, толық зерттеу жұмыстарын жүрігізіп кетті. Біздің ұсынысымыз бойынша Ақсуат ауылының өзіне 22 үйді салуды қажет етеді. 2015 жылы ол ауылда жаңа мектеп салынған. Егер сол 22 үйді қалпына келтіріп, салып беретін болса,  мектеп те жабылмайды, халық та тұрақтап қалады.

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу