Батыс Қазақстанда теріс діни ағымды таратқан күдіктіге тергеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда теріс діни ағымды таратқан күдіктіге тергеу басталды

26.12.2017

Оралда тіркелмеген діни ағымның кітаптары, уағызшылар суреті, картиналар тәркіленді. «Миссионер» деп күдіктелген адам табысқа жету туралы психологиялық тренингтер өткізіп келген.

«Күмәнді діни ұйымның жоралғысы өтіп жатыр» деген анонимді хабар түскен бойда тәртіп сақшылары белгілі мекенжайдағы тұрғын үйге жетіп барды. Қуықтай бөлмеде төрт адамға тренинг өткізіліп жатыр. Төрде Кришна уағыздаушыларының суреттері ілулі. Айнала гүл, жеміс-жидек, хош иісті майшамдармен көмкерілген. Өзін психологпын деп таныстырған 57 жастағы Батырғали Қуанғалиев картиналар мен діни кітаптардың тренингке қатысы жоқ екенін алға тартты.

Батырғали Қуанғалиев, күдікті:

- Кітаптарды достарыма, таныстырыма тапсырыс беріп не сұратып алдыртамын. Бұл ведалық ілім. Ғалым, психологтар бұл ілімді зерттейді. Өйткені, психологияның түп қайнары содан басталады. Ақпаратты сол кітаптардан алады. Мен де осы кітаптарды мұқият оқимын.  Ал, Кришна суретіне келер болсақ, маған осындай картиналар ұнайды. Содан шабыт аламын.

Тыңдаушы 4 адамның 2-еуі студент, тағы бірі жұмыссыз әйел мен ер адам. Бірі ғаламтордағы жарнама арқылы, енді бірі таныстарының кеңесімен психологиялық көмек іздеп келген. Олардан жауап алынған соң үйдегі ондаған діни әдебиет пен суреттер тәркіленді. Бірақ, тергеу аяқталмайынша, құзырлы органдар сұхбат бермейді. Ал, мамандардың айтуынша, соңғы жылдары психологиялық қызметтің атын жамылып, теріс діни ағымды насихаттап жүргендер жиі кездеседі.

Бұл дерек бойынша күдіктінің заңсыз әрекеті дәлелденсе, Әкімшілік құқық бұзушылық және Қылмыстық кодекс баптары бойынша жауапкершілікке тартылады. 

 Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу