Мереке қарсаңында ІІД мамандары заңсыз пиротехникалық саудаға тексеріс жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мереке қарсаңында ІІД мамандары заңсыз пиротехникалық саудаға тексеріс жүргізді

22.12.2017

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Халық мерекеге әзірлігін бастап та кетті. Осы кездерде әсіресе, пиротехникалық заттардың саудасы қыза түседі. Жыл сайын Ішкі істер департаментінің мамандары мереке қарсаңында арнайы рейд жүргізіп, қауіпсіздіктің сақталуын қадағалайды.

Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен жүргізілген рейд барысында орталық базардағы заңсыз саудаға кезіктік. Сатушы пиротехникалық заттарды бірінші күні және түстен кейін ғана сата бастағанын айтып ақталды. Алайда, ол отшашудың адамға кері зиянын тигізу мүмкіндігін ескермей, ал, мұндай заңбұзушылықтың қандай жауапкершілікке әкелетінін білмейтін сияқты.

Бағлан Қазбеков, қалалық ІІД Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жасау бөлімшесінің басшысы:

- Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 483-бабына сәйкес, кәсіпкерліктің түріне байланысты 5 айлық көрсеткіштен 45 айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Сондай-ақ, тәркіленген заттың бәрі қайтарылмайды, жойылуға өткізіледі. Барлық азаматтар бүкіл пиротехникалық бұйымдарды арнайы дүкендерден сатып алған жөн.

Ал, саудагер Айша Мұхамедтің пиротехникалық бұйымдар сатуына лицензиясы бар. Құжаттары түгел. Отшашудың қолдану әдісі және қауіпсіздік шараларымен алдын ала танысқан.

Айша Мұхамед, сатушы:

- Екі жағынан кірпішпен немесе қармен ортасына дейін жақсылап жауып қоямыз. Нығыздап орнатамыз. Кейін қақпағын ашамыз. Мына жерде нұсқаумен көрсетіліп тұр. Білтесін шығарамыз да, содан жағамыз. 30 метрлік радиуста сымдар, ағаштар болмауы керек. 18 жасқа толмағандарға петарда сатылмайды.

Заңсыз және сертификатталмаған пиротехникалық тауарларды сатудың алдын алу тексерісі жыл сайын өтіп тұрады. Соның нәтижесінде биыл заңсыз тауар сатқандардың әзірге екеуі ұсталған. Былтыр осындай 4 факт тіркелген. Ал, құжаты бар осындай бұйымдарды қаланың 5 нүктесінен сатып алуға болады.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу