Ескі ақпарат елді шулатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескі ақпарат елді шулатты

19.12.2017

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда көлік бағасы арзандайды. Әлеуметтік желіде осындай мағынадағы видео мен жазбалар тарап кетті. Ондағы ақпарат бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден кез келген көлікті еш кедергісіз кіргізуге болады. Ал, құзіретті органдар мұның шындыққа жанаспайтындығын айтуда.

WhatsApp-ты шарлап жүрген бейнесюжет 2014 жылдың аяғындағы ақпарат. Сюжетті біреулер қайта түлетіп көлік иелерінің көңілін тағы да күпті етіп қойды.

«7 News» жаңалықтар топтамасы 2015 жылдың жазынан бастап шығарылымын тоқтатқан. Сол кездері жүргізуші болған Нұриддин Бидосов әлі де ақпараттың жалған растығын сұрап жұрттың хабарласатындығын айтты.

Нұриддин Бидосов, журналист:

- Осындай ақпараттар болатын болса, міндетті түрде тексеруін, сұрап,  білуін ұсынамыз.

Ал, қазіргі жағдайда сырттан кіргізілетін көліктерге қойылатын талап керісінше күшейтіліп жатыр. 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес, үшінші елден әкелінетін автомобильдер ЕУРО-5 стандартына сәйкес келсе ғана Қазақстанда тіркеуге қойылады. Ал, одақ елдеріндегі алыс-берісте өзгеріс жоқ.

Қайрат Тәңкібаев, кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:

- Еуразиялық экономикалық одақ ішінде техникалық реттеу. Яғни, Ресей мемлекетінен Қазақстанға ЕУРО-4 немесе ЕУРО-3 көлігін әкелген жағдайда техникалық реттеулер қарастырылмаған. Қазір де солай Жаңа жылдан кейін де солай болады. Өзгеріс жоқ.

Әлеуметтік желіде әр түрлі мағынада тарап жатқан әңгімеге сеніп, әуреге салынбаған абзал. Мамандардың кеңесі осы. Өзгерістер болған жағдайда халыққа ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу