Қостанайда жаңадан бой көтерген 6 тұрғын үй пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда жаңадан бой көтерген 6 тұрғын үй пайдалануға берілді

18.12.2017

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған баспана кілттерін 60 отбасы иеленді. Құрылыстың негізгі инвесторы - «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы.

Қостанай қаласындағы «Әуежай» шағын ауданында кезекті қоныс тойы. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспана кілттерін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 60 салымшысы қол жеткізді. Олар «Бәйтерек девелопмент» бағыты бойынша салынған тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындары.

Дәурен Саудабаев, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ҚОФ директоры:

- Бүгін 486 пәтерден тұратын 6 үйді тапсырып жатырмыз. Баспананың 1 шаршы метр құны 148-153 мың теңге аралығында. Біздің банк салымшылары шоттарында пәтер құнының 30 пайыздық алғашқы жарнасын жинаса жеткілікті. Одан кейін жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең заем алады. Сөйтіп, азаматтар тиімді шарттармен бес жыл бойы банкте жинаған қаражаттарының жемісін көре алады.    

Тұрғын үйлер заманауи жоба бойынша тұрғызылған. Құрылысқа тек экологиялық таза, сапалы материалдар қолданылды. Пәтер алып, қуанышқа кенелген жандардың бірі - Несібелді Шарафиева. Зейнеткерге баспананы балалары әперіпті. Енді Тәуелсіздік мерекесін су жаңа баспанада тойлайтынын айтады.

Несібелді Шарафиева, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Жаңа үй алып жатырмын. Балам да үй алып жатыр. Бәріміз бір жердеміз. Өте қуаныштымын.

Жалпы, «Әуежай» шағын ауданы болашақта қала орталықтарының бірі болмақ. Шағын қалашық тұрғындары кем дегенде 100 мың адамға жетуі керек. Осыдан бір айдан соң тұрғын үйлер маңына 900 орындық мектеп пен екі балабақша салынады. Зәулім спорт кешені де пайда болады. Жоба бойынша 2018 жылдың аяғына дейін мұнда 40-тан астам көпқабатты үй бой көтереді.

Данияр СҰЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу