Отандық автоөндіріс өркендеп келеді

11.03.2014
Отандық автоөндіріс өркендеп келеді

Кедендік одақ еліміздегі машина жасау саласының одан әрі өркендеуіне оң әсерін тигізді. Өскемен қаласындағы «Азия Авто» көлік құрастыру зауытының басшылары осылай дейді.

 
Бүгінде отандық автонарық көшін бастап тұрған кәсіпорын Кедендік одақтың арқасында өндіріс көлемін 10 есеге арттырған. Интеграцияның шарапатын Ресей елінің қарапайым тұрғындары да көріп отыр.
 
Қазақстанмен шекаралас орналасқан аймақтарда тұратын көршілеріміз Шығыс өңірінде шығарылған автокөліктерді көптеп сатып алып жатыр. Өйткені, кеденде кедергі жоқ, әрі біздің елден алған темір тұлпардың бағасы олар үшін өте тиімді.
 
«Азия Авто» зауыты осыдан 12 жыл бұрын ашылған. Ол уақытта мұнда сол кезде «Нива», ал қазір «Lada 4x4» деп аталатын автокөліктер ғана құрастырылатын. Ал, 2005 жылдан бастап шетелдік маркалы көліктер де шығарыла бастады. Бүгінде мұнда 4 маркалы көліктің 25 үлгісі жиналады.
 
Ерік Сағымбаев, «Азия Авто» АҚ президенті:
Кедендік одақ біздің алып нарыққа шығу мүмкіндігімізді кеңейтті. Қазір осы зауытта шығарылған өнім, бұрынғымен салыстырғанда, 10 есе үлкен аймақта сатылып жатыр. Мысалы, былтыр бірінші рет, көліктерімізді Ресейге экспортқа шығардық. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады.
 
Былтыр зауытта барлығы 30 мың көлік құрастырылған. Бұл, біздің еліміз үшін рекордтық көрсеткіш, дейді кәсіпорын басшылары. Қазір мұнда 1 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Солардың бірі - Саин Дүйсенбиев. Осы жерде зауыттың ашылған күнінен бастап еңбек етіп келеді. Интеграциялық ықпалдастықтың игілігін біз де көріп отырмыз, дейді ол.
 
Саин Дүйсенбиев, зауыт қызметкері:
Машина көп шығарылып, сауда-саттық жақсы жүріп жатыр. Оның сатылуынан біздің жұмысшылардың табысы да көбейді.
 
«Азия Авто» зауыты көліктердің маркаларын жылдан жылға көбейтіп келеді. Талғампаз тұтынушылардың сұранысын толықтай өтеуге тырысамыз, дейді мұндағы мамандар.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Бұл көліктерді сатып алушылардың арасында Ресейдің Қазақстанмен шекаралас орналасқан аймақтарынан келген жеке тұлғалар өте көп. Өйткені, ол елде қосымша құн салығы 18 пайыз, ал Қазақстанда 12, яғни, оларға біздің елден сатып алу әлдеқайда арзанырақ болады. Көрші елден келген азаматтар негізінен темір тұлпардың осындай асты биік түрлерін таңдайды.
 
Қазіргі таңда Өскеменде құны 62,4 миллиард теңге болатын толық циклді автозауыт пен автобөлшектер өндіру бойынша технопарк салынып жатыр. Жылына 120 мың көлік шығаруға қауһарлы болатын кәсіпорында 12 мың адам жұмыс істемек.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу