Шығысқазақстандық гидрогеологтар дабыл қағуда. Себебі, аймақтағы жалғыз сейсмикалық бекет жұмыс істемей тұр. Демек, жоғары сейсмикалық өңірде зілзаланы алдын ала болжау мүмкін емес. Қаржыландырудың тоқтағанына 1,5 жыл. Бекет орналасқан Күршім ауданына тілшіміз Зарина Ұлықбек арнайы барып келді.
Қазақстан мен Қытай шекарасы маңындағы сейсмобекет 2006 жылы пайдалануға беріліпті. Жерасты дүмпулерінің болатынын болжайтын құрылғы да сол жылы орнатылған. Алайда, 1,5 жылға жуық уақыттан бері істен шығып, бекет қаңырап бос тұр. Құрылғының қатып қалмауын қадағалау үшін тек жалғыз күзетші жүр.
Сейсмикалық бекеттен аты болмаса, заты қалмаған. Ал, құрылғы деп отырғанымыз тот басқан қондырғы. 450 метр тереңдікте орнатылған. Жерасты суларының деңгейін, температурасын өлшейді. Сол көрсеткіштер бойынша жер сілкінісінің қуаттылығы туралы болжам жасалады. Алайда, маңызды аппаратты 2 жылдан бері шаң басып тұр.
Әсет Құрғұтов, күзетші:
- Датчик көрсетпеді де, ештеңені айта алмай қалдық. Ешқандай хабарымыз болмай қалды.
Бекет ашылғалы бері зерттеу жұмыстарымен бір ғана геологиялық кәсіпорын айналысты. Қаржыландыру тоқтағанына қарамастан, мекеме өз қаржысы есебінен күзетші қойып, коммуналдық шығындарды көтеріп келеді.
Айсұлу Құттыбаева, гидрогеологиялық партия басшысы:
- Аталған мәселемен біз бернеше рет Геология комитетіне, «Қазжерқойнауы» департаменті және геологтар қауымдастығына жүгінген едік. Бірақ, мәселе осы күнге дейін шешімін таппай келеді.
Жергілікті билік өкілдері келер жылы ескі қондырғыны ауыстыру жұмыстары қолға алынатынын айтып отыр.
Ирина Шадских, «ШығысҚазжерқойнауы» ШҚ Өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің бөлім басшысы:
- Жаңа құрылғы алу үшін Аймақтық департамент пен Геология комитеті аталған постта келер жылдан бастап ескірген құрылғыны алмастыру үшін қаражат бөлу бойынша шаралар қабылдауда. 2018 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу жоспарланған. Құрылғыны жаңартуға бөлініп отырған сома - 5 млн. 300 мың теңге.
Гидрогеологтар тағы бір мәселеге алаңдаулы. Олар жыл сайын қауіпті экзогендік геологиялық құбылыстарға жүргізетін кей зерттеулерге бұдан былай қаржы бөлінбейді. Ал, мамандардың айтуынша, табиғи катаклизмдерді болжауда бақылау жұмыстарының маңызы орасан.
Зарина ҰЛЫҚБЕК