Жыл басынан бері 74 судьяға қатысты тәртіптік жаза қолданылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері 74 судьяға қатысты тәртіптік жаза қолданылған

11.12.2017

Оның ішінде 5 облыстық соттың төрағасы мен 2 облыстық сот алқасының төрағасы бар. Бұл туралы бүгін Жоғарғы сот кеңесінің отырысында айтылды. Судьялардың кәсіби этикалық кодексі қабылданып, оларға біліктілік талаптары күшейтілгенмен, дауласушы тараптардың шағымы азаяр емес. Азаматтардан биыл судьяларға қатысты 500-ден астам шағым түскен. Сондай-ақ, теориялық білімінің таяздығына байланысты 4 судья жұмыстан кетсе, тәртіптік комиссияның шешімімен тағы 10 судья қызметтен қуылған. Жоғарғы сот кеңесінің отырысында судьяларға қатысты осындай бірнеше шағым қаралып, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарының азаматтық істер бойынша алқа сот төрағаларын тағайындау туралы ұсыныстар қаралды.

Моряк Шегенов, ҚР Жоғарғы сотының судьясы, сот жюриінің төрағасы:

- 5 жылдан 20 жылға дейін жұмыс өтілі бар судьялардың бес жыл сайын біліктілігі бағаланып отырады. Біз олардың теориялық білімі мен дауларды шешу сапасын анықтаймыз. Бұдан бөлек, тәртіптік комиссия деген бар. Биыл 10 судьяны жұмыстан босаттық, олардың барлығы аудан, қала деңгейіндегі судьялар.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу