Алматыда 10 жолақты жол құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 10 жолақты жол құрылысы басталды

07.12.2017

Алматыдағы «Алтын Орда» базарының маңында 10 жолақты жол құрылысына әзірлік басталды. Алайда, күнделікті көлік кептелісінен көз ашпайтын жүргізушілер мен тұрғындар енді үш жыл қалай шыдаймыз, деп қынжылады. Себебі, жол құрылысы 2020 жылы аяқталуы тиіс. Ал, оған дейін бақандай үш жыл бар. Мердігер компания өкілдері болса, «айналма жол -  құрылыс аумағының бір бөлігінде ғана болады», деді. Енді көктемге дейін адамдарға арналған көпір бағандары тұрғызылып, электр, су, газ желілерін құрылыс аумағынан басқа жерге орнату жұмыстары жүргізіледі.

«Алтын Орданың» маңында күнделікті күндіздің өзінде көлік кептелісі. Ал, кешке қозғалыс мүлдем саябырсып қалады. Бәсеңдеп қалады. Көлік жүргізушілерінің уайымы «егер айналма жол салынса, мүлдем жүре алмай қаламыз ба», дейді. 

Таңғы алты мен кешкі онға дейін осындай көрініс. «Алтын Орда» маңындағы жол қала шеті мен облысты мекендейтін тұрғындарды діңкелеткелі бірнеше жыл болды.

Амангелді Кекілов, қала тұрғыны:

- Бұл жол түсемін дегенше, мынау 3 жолақ жолдың өзінде кептеліс болып жатыр. Айналма жол салып береміз деп жатыр. Оның өзі бір жол болып түседі. Айналма жол салынса, біздің жағдайымыз не болады? Халықтың жағдайы. 

Бекнар Сағымбеков, қала тұрғыны:

- Таңғы алтыдан жұмысқа шығамыз. Жұмысқа барғанша кешігіп, 3-4 сағатта әрең жетеміз. Кептеліс. Одан жұмыстан қайтатын уақытта да сағат түнгі онда келеміз. Алтыдан шығамыз кешке жұмыстан онда үйге келеміз. «Айналмалы жол болады», дейді. Бұл жолдың енді бізге пайдасы бола ма? Болмай ма? «Жол 2020 жылы қолға беріледі», дейді.

Көктемде жол құрылысы басталса, транзитті жүк көліктері мен қалааралық автобустарды Шамалған елді мекені арқылы өткізу көзделген. Жолға жауапты мекеме өкілдері «құрылыс кезінде жеңіл көліктер Іргелі мен Абай ауылдарындағы көшелермен жүрсе», деп кеңес берді. Өйткені, ары-бері қатынау үшін тек үш жолақты жол ашық болады.   

Рысбек Жұмаділов, «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалының бас маманы:

- Наурыз айынан қараша, желтоқсанға дейін қиындықтар болады. Өйткені, жолдың қалаға кіретін жағын жасап, көліктерді сол жақпен өткізіп, содан кейін сол жағы жасалады. Жүргізушілер түсінікпен қарап, айналып өтсе жақсы болар еді.

Осыған дейін де кептелісте 2 сағат тұрып, барар жеріне кешігіп жететін жұрт «бұған да амалсыз көнеміз», деп отыр. Тек құрылыс үш жыл емес, бір жылда пайдалануға берілсе, деп тілейді. Міне, қазір де олар үйлеріне бару үшін тағы да көлік кептелісінде тұр.

 

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу