Жылдың жабылу салтанатына жиылған «ТҮРКСОЙ»-ға мүше елдердің өкілдері бірауыздан осындай пікір білдірді. Түркі тілдес елдердің рухани өміріне айрықша серпіліс әкелген биылғы жыл олардың өзара ынтымақтастығы мен бауырластығын да одан әрі бекемдей түсті.
Театр өнері мен би фестивалі, опера жұлдыздарының концерті, айтыс, күлкі жәрмеңкесі, суретшілер көрмесі, ақын-жазушылардың кездесулері. Мәдени астана мәртебесіне ие болған Түркістанда биыл жыл бойына осындай 40-қа тарта түрлі шара өтті. Соның арқасында түркі тілдес ұлттар арасындағы бауырластық, достық нығайып, түркілік мәдениет пен өнер әлемге танылды.
Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Дәл осы шара арқылы Түркі жұртының мәдениетімен танысты, дәстүрімен танысты. Қысқасы, бір-біріне бауыр тапты. Түркістан ерекше бір мерекеге бөленді. Қаламыздың осылай елге танымал болып жатқанына біз ерекше қуаныштымыз. Түркі жұрты жасасын!
Түркістан төрінде бұл күні «ТҮРКСОЙ» мәдениет министрлері тұрақты Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда жыл бойында атқарылған істер сараланды. Кеңестің шешімімен мәдени астана мәртебесіне енді Түркияның Кастомоно қаласы ие болды. Келер жылы түркі тілдес мемлекеттер қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың және Әзірбайжанның белгілі композиторы Кара Караевтың мерейтойлық жылын атап өтеді.
Дүйсен Қасейінов, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- Бірінші рет біз үш тұлғаны бірге жариялап отырмыз. Бұрын бір-бірден болатын. Түркі дүниесінде мұндай талантты адамдар өте көп. Тарихи тұлғалар жеткілікті. Сондықтан, бізге де жұмыс көбейіп жатыр. Біз оған қуанамыз.
«Түркістан-түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы өнерпаздардың гала концертіне ұласты. Сахнада Әзірбайжан, Түркия, Башқұртстан, Саха және Тыва елдерінің саңлақтары өнер көрсетті.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ