Екібастұздағы «Богатырь» кенішінде көмір өндіру көлемі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы «Богатырь» кенішінде көмір өндіру көлемі артты

30.11.2017

Бұған индустрияландыру картасы бойынша қолға алынған жаңғырту жұмыстарының сәтті аяқталуы мүмкіндік берді. Қазір көмір кені еліміз ғана емес, көрші Ресейге де үздіксіз жөнелтіліп жатыр.

Гиннестің рекордтар кітабына енген кеніште қазір көмір 300 метр тереңдікте қазылып жатыр. Шыңыраудан шығару үшін қатты отынды арнайы техника арқылы жүк пойызына тиейді. Сұраныс көбейген жағдайда жоғарыға ленталы жүйе арқылы жіберіледі. Ал, негізгі жұмысты роторлы экскаваторлар атқарады.

Ғалымбек Іргебаев, «Богатырь көмір» ЖШС техникалық директорының орынбасары:

- Осы экскаватордың модернизациясына компания бойынша 3 млрд. теңге ақша жұмсалды. Осымен модернизация бітті.

Бұл - мемлекеттік индустрияландыру картасының жемісі. Мәселен, экскаваторлар сырт көзге жаңа көрінгенімен, көмір кенін қазу жұмыстарына 30 жыл бұрын жегілген. Анатолий Иемец - машинист. «Модернизациядан кейін техника танымастай болып өзгерді»,- дейді ол.

 Анатолий Иемец, машинист:

 - Кабинаның ішіне кіргенде айнала түгел анық көрінеді. Техникалық процесті монитордан бақылап, сенсорлы түймелер арқылы машинаны басқарамын. Бұрынғы қозғалтқыш темір тұтқалар мен бұрандалы басқару құралы тұтастай өзгертілді. Ауыр жұмыс жоқ.

Яғни, көмір қазу процесі түгел автоматтандырылды.Соның нәтижесінде жұмыс жеңілдеп, өндірістік көрсеткіш ұлғайды.

Болат Аманбаев, тілші:

- Модернизациядан кейін алып кешеннің жұмыс істеу мерзімі тағы 10 жылға ұзарды. Роторлы экскаватор сағатына 4,5 мың тонна көмірді қазып, оны осы уақыттың ішінде темір жол вагондарына тиеп үлгереді.

Келешектің технологиясы деген - осы. Биыл кеніште 34 млн. тонна көмір өндіру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Қара отынды еліміз ғана емес, көрші Ресей мемлекеті де тұрақты тұтынады. Болжамға қарағанда, алып шахтада 3 млрд. тонна көмір қоры бар. Мамандар әлі 60-70 жылға жететіндігін айтады. 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу