Еліміздің климаты қарқынды өзгеріп жатыр. Өткен жылы қарашада 40 градус суық болып, солтүстік жұртын әбігерге салса, биыл алты градустан аспады. Жыл санап жылыну жалғаса берсе, климаттың кері әсері 2030 жылдан кейін жиі сезіліп, аграрлық салада өнім күрт төмендеп кетуі мүмкін. Ал, мамандар мәселемен күреспесе, келешекте экологиялық аймақтар көбейіп кете ме деп алаңдайды.
Былтырғы қараша суық болып оңдырмады, биыл жылы болып, тоңдырмады. Өткен қара күзде ақ ұлпа көп түсіп, Астана әкімдігі барын салғанымен, қаланың қарын шығарып үлгере алмады. Сондай-ақ, қатты аяздың кесірінен балалар далада асыр сала алмай, мектепке бара алмай қалып еді. Биыл қала қарсыз, тап-таза көше, әрі-бері еркін жүйткіген көлік.
Айдана Абықан, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
- Көпжылдық мәліметтерді қарасақ, осы жылғы қараша айының орташа температурасы -5,4 құрады. Яғни, бұл экстремалды жылы дегенді білдіреді.
Жылыну – жаһандық проблема. Әттегені сол, бұл процесс басқаға қарағанда бізде жылдамырақ жүруде. Мұның аграрлы ел үшін кері әсері көп. Бұлай кете берсе, 2030- жылға қарай елімізде су тапшы болып, 2050-де дәнді-дақылдар өнімі 30-40 пайызға азаюы мүмкін. Сондай-ақ, «жерден шұрай, топырақтан құнар кетіп, жайылымдардың көлемі кемиді», - дейді мамандар.
Мунхтуя Алтангерел, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары:
- Егер ешқандай шара қолданылмаса, 2050 жылға қарай астықтың өнімділігі 50 пайызға төмендейді. Бұл астық экспортының азаюына алып келеді. Ал, Балқаш экологиялық апат аймағына айналып, Аралдың күйін кешуі мүмкін. Әрине, біз мұны қаламаймыз. Ол үшін климаттың өзгеруіне алып келетін парниктік газдарға қатысты саясатты өзгерту керек.
Жылынудың басты жауы - зауыт-фабрикалардан шығатын парниктік газдар. Бұл жағынан алғашқы ондықтамыз. Көк түтіннің көп бөлінуі аса зиянды. Сол үшін инвесторларға қойылатын талапты қатайтып, мемлекет климаттың өзгеруіне бейімделуі керек.
Досымжан Ермұрат, тілші:
- Қарашада аспан ашық болғанымен, желтоқсан жарылқайын деп тұрған жоқ. «Қазгидрометтің» болжамынша, батыс пен оңтүстік жылы болғанымен, айдың екінші жартысында шығыс пен солтүстікте суық болады. Әсіресе, шығыс жұртының шыдамды болғаны жөн. Қаңтар қалыпты болып, қар аз түседі. Нағыз аяз ақпанда болады. Мамандарды алаңдатып отырғаны бұл емес, жаһандық жылынудың елімізде жылдам жүріп жатқандығы. «Мәселемен алдағы онжылдықта кешенді түрде күреспесек, кейін кеш болады», - дейді, сала сарапшылары.
Досымжан ЕРМҰРАТ