Астанада қазақ тілі курстарына 20 млн теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қазақ тілі курстарына 20 млн теңге бөлінді

29.11.2017

Астана қаласының әкімдігі келесі жылы қазақ тілін үйрету курстары үшін 20 миллион теңге қаржы бөлді. Бұл туралы қалалық Тілдерді дамыту басқармасынан хабарлады. Қаржыға 1500-ға жуық астаналыққа қазақ тілі үйретілмек. Бұл бағытқа биыл да осындай көлемде қаржы бөлінген.

Жалпы, Тілдерді дамыту басқармасы жыл басынан бері елордадағы сауда нүктелері мен мемлекеттік органдарға тіл заңнамасының сақталуына байланысты 120 рейд ұйымдастырып, түрлі байқаулар мен семинарлар өткізген. Ал, қорытынды шара кеше өтті. «Тіл-тәуелсіздік тірегі» атты кеште қаладағы мекемелердің үздік іс жүргізушілері мен тіл жанашырлары марапатталып, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік тойына арналған сахналық қойылымдар көрсетілді.

Тілеуғали Қышқашбаев, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

- Былтыр 1500 адам қазақ тілін үйренетін мектепке жазылды. Биыл да 1500 адам жазылды. Оған бізден 20 млн. тг ақша бөлінген. Оның барлығын конкурс арқылы береміз. Конкурстан ұтып алған адам оларды оқытады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу