Елорда автобустары қатал қысқа дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда автобустары қатал қысқа дайын

28.11.2017

Астанада қоғамдық көліктермен күніне шамамен 800 мың жолаушы жүреді. Яғни, сұраныс көп, жауапкершілік те мол. Арқаның қысы қатал әрі қытымыр болатындықтан, елорданың автопарктері қазірде дайындықты күшейткен. 1140 автобустың 700-ден астамы соңғы жылдары жаңартылған. Бірақ, салада проблемалар да жетіп-артылады.

Жылдам, жайлы және жаңа. Астана автобустарын осылай сипаттауға болады. Тіпті, 2014 жылы 500 автобусқа тегін Wi-Fi қызметі қосылған-тын. Бірақ, кейін алынып тасталды. Себебі, тегін интернетті жолаушылардың 5 пайызы ғана қолданған. Тіпті, одан да кем кезі бар. Сұраныс болмағаннан кейін текке шығындалудың қажеті қанша?! Алайда, қазір автоустарда одан да пайдалырақ жаңа тетіктер енгізілген.

Бейбіт Есжанов, «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары:

- Автобустарда жылынатын едендер, сосын көліктің ішінде пештер көбейтілген. Сәйкесінше, автобустың іші қыста жылы болады. Сондай-ақ, терезе жылытатын құрылғылар да бар. Демек, енді терезелер қырауланбайды. Жаңа қоғамдық көліктердің осындай ерекшеліктері бар.

Автобус жүргізушілерінің орташа жалақылары 350 мың, ал, кондуктор 150 мың теңге алады. «Олардың жұмысы одан да жоғары жалақыға лайық», - дейді басшылары. Алайда, қазір жанар-жағармай мен көлік бөлшектерінің бағасы қымбат. Сәйкесінше, қызметкерлердің айлығын да өсіруге мүмкіндік жоқ. Ол үшін жол ақысын көтеру керек деген ұсыныс айтылды.

Бауыржан Тілеубергенов, №3 автобус паркінің директоры:

- Алматы бойынша тариф бар. Егер картамен 80 теңге болса, қолма-қол 120 теңге. Біз егер карта 90 теңге болса, ақшалай 150 теңге деген ұсыныс дайындап жатырмыз.

Демек, Астанада жол ақысы 150 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бірақ, бұл әзірге тек ұсыныс. Жалпы, елордалық автобустар қыс мезгіліне сақадай сай дайын.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу