Оқушылар «Егемен Қазақстан» ұжымымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылар «Егемен Қазақстан» ұжымымен кездесті

28.11.2017

Алматылық дарынды оқушылар «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымымен кездесті. «Ұлы дала жаршысы» атты жарқын жүздесу шарасына етжеңді басылымның тілшілері мен ардагерлері келіп, келелі әңгіме өрбітті. Оларға Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың шәкірттері көкейде жүрген сауалдарын қойып, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болған газеттің тарихына қанықты. Сондай-ақ, кезінде басылымды басқарған аға буын өкілдерінің қазақ руханиятына сіңірген ұшантеңіз еңбегі де тілге тиек етілді. Ал, газет тілшілері журналист болуды армандайтын жасөспірімдерге жазу өнері мен сұқбат алудың қыр-сырын айтты. 

Мақсат Жақып, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ардагері:

- Жүсіпбек Аймауытов, одан кейін Сәкеннің өзі, Бейімбет Майлинді алып қарасақ, біздің әдебиетіміздің қаймақтары да біздің газетімізде жұмыс істеген. Одан кейін еліміздің үлкен саяси қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Ораз Исаев, Ораз Жандосов бар. Бұл мектептің түлегі сол ұлылардың қатарына жақындағаны деп есептеймін.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу