Павлодардағы Ленин көшесінің атауы Астана деп өзгертіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы Ленин көшесінің атауы Астана деп өзгертіледі

24.11.2017

Павлодардағы Ленин көшесі Астана деп өзгеретін болды. Сондай-ақ, Екібастұздағы 15 көшеге ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімдері беріліп, кейбірі қазақы атауларға ауыстырылады. Негізі кеңестік дәуірден бері  Павлодар облысында көше, ғимарат, елді мекендер арасынан қазақы ғана емес, тұтас түркі жұртына ортақ атау өте сирек болатын. Тәуелсіздік алған соң жағдай өзгере бастады.

Үлкен-кіші бірдей қуанып жатыр. Бірақ, Ленин көшесін өзгертпек болғандар біраз дауласты. Қоғамдық тыңдауға депутаттар, түрлі сала қызметкерлері, ардагерлер жиналды.

 Эрнест Соколкин, өлкетанушы:

- Көшені өзгерту арқылы біз Астана атауын тарихта қалдырамыз. Тіпті, көрші Омбы қаласында, Ресейде Ленин көшесін өзгертті ғой. Біз неге тартынамыз?!

Ақыры бұл мәселе қалалық мәслихатта қаралып, Ленин көшесін Астана қылып өзгертуге депутаттар бірауыздан дауыс берді. Күні бүгінге дейін Павлодарда халқымыздың батыр-баһадүрлері немесе хандар мен билердің атымен аталатын бірде-бір көше жоқ. Ұлт жанашырлары 200-ден артық көше атауының еш мағынасыз қойыла салғанын анықтап, ономастикалық комиссияға хат жіберді. Олардың арасында қазаққа қан түкірткен Ермак есімі, қазіргі күні еш мағынасы жоқ 1-ші май мен Кутузов,  Суворов көшелері де бар.  

«Ел еңсесін тіктеп, қоғам рухани жаңғыру жолына түскен кезде біртуар тұлғаларымызды ұлықтап, елді мекендерге лайықты атау беретін кез келді», - деп санайды қоғам жанашылары.

Облыс орталығының атауын өзгерту мәселесі де әлдеқашан көтерілген. Бірақ, «бұл мәселені «аттандап» емес, «ақылмен» шешкен абзал», - дейді атқамінерлер. Содан бері 26 жыл өтті.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу