Қазақстан халқын таза ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін әлі 10 жылдай уақыт қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халқын таза ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін әлі 10 жылдай уақыт қажет

24.11.2017

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен тыңдауда айтылды. Депутаттар республиканың барлық елді мекендеріне сапалы суды жеткізуді тез арада шешу мәселесін талқылады. Сондай-ақ, тозығы жеткен құбырларды ауыстырып, тарифтерді реттеудегі проблеманы көтерді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин ауызсуды тиімді пайдаланып, бұл салаға жаңа технологиялар енгізу керектігін айтты.

Халықты ауызсумен қамтамасыз ету - елдегі өзекті мәселелердің бірі. 2002 жылдан бері бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. «Ауызсу», «Ақбұлақ» сияқты мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, бүгінде халық соның жемісін көріп отыр. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы мен «Нұрлы жол» 15 жыл бұрынғы бастаманың жалғасы. Мәжіліс депутаттары бұл құжаттарды заңды тұрғыдан қолдап, тиісті органдардан қомақты қаржының бөлінуіне ықпал етті. Дегенмен, шешілмеген мәселе әлі де бар.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Ауызсу мәселесін шешуге мемлекеттен  жыл сайын керек  қаржы    бөлініп отыр. Ендігі мәселе - оны тиімді пайдалану. Ал, ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай жерасты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек.

Мәжіліс төрағасының ауыл аймақтардағы мәселені көтеруі бекер емес. Өйткені, еліміздегі 6601 ауылдың 2930-ы бүгінгі күні орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылмаған. Шілденің 1-і күнгі статистикаға сәйкес, ең төмен көрсеткіш -  Павлодар облысында. Өңірде орталықтандырылған суға қолжетімділік тек 20,5 пайызды құрап отыр. Ал, көш басында Алматы облысы - 83,7 пайыз.

Депуттар мен арнайы мамандардан құрылған комиссия жерасты, жерүсті қорларын зерттеп, халықты 100 пайыз ауызсумен қамтасыз етуге мүмкіндік бар деген тоқтамға келді. Тек бір ғана кедергі бар. Су мәселесімен 3 бірдей мемлекеттік орган айналысады.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Бірінші, Ауыл шаруашылығы министрлігі, екінші, Инвестициялар және даму министрлігі. 3 бағытта ұсынып отырғанымызды бір ортаға жинау керек. Бір жауапты орган айналысу қажет.

Ауызсумен қамтасыз етілмеген 3 мыңға жуық елді мекеннің мәселесін шешу үшін мемлекеттік бюджеттен 373 миллиард теңге қажет. Тозығы жеткен су құбырларын алмастыру  да қаржыға келіп тіреледі. Еліміздегі Азия даму банкінің өкілдігі бұл бағытта Қазақстанға жәрдемдесуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Джованни Капаннелли, Азия даму банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің директоры:

- Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымын қолдаймыз және бұл бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген мақсаттарға жетуге жасалған қадам деп білеміз. Азияның даму банкі ауыл шаруашылық, сумен қамтамасыз ету, энергетика, ауылды және қаланы дамыту, көлік, денсаулық, білім, шағын және орта бизнесті дамытуға 2021 жылға дейін 1 триллион теңге инвестиция құямыз.

Осылайша, Парламент тыңдауында халықты сапалы ауызсумен қамту мәселесіне қатысты бағыт-бағдар айқындалды. Депутаттар енді оның атқарылу барысында қадағалайды.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу