Оқушылардың тамақтану мәзірін өзгерту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылардың тамақтану мәзірін өзгерту қажет

22.11.2017

Соңғы уақытта дұрыс тамақтанбаудың салдарынан асқазан, ішек ауруы, қаназдық, әлжуаздыққа шалдыққан балалар көбейді. Статистикаға сүйенсек, алматылық 225 мың бастауыш сынып оқушылары дұрыс тамақтанбайды. Жыл басынан бері Тағамтану академиясы мен еріктілер бірігіп, түрлі іс-шаралар жүргізген. Тіпті, әр ерікті осыған қатысты 1000 респонденттің пікірін сұрап білген.

«Балалар - біздің болашағымыз. Сондықтан, денсаулығы мықты, ұлағатты ұрпақ тәрбиелейміз десек, ішкен асына да аса мән берген жөн», - дейді мамандар.

Ержас Құлтөлеу, оқушы:

- Мен асханада тамақтанып жүрмін. Тамақтары өте ұнайды. Аспаз апайлар да мейірімді.

Дұрыс тамақ ішетін балаларда артық салмақ, жүрек пен бүйрек және жүйке жүйесі дерті дендемейді. Ал, егер мектептегі ас-ауқат талапқа сай болмаса, оқушылар түрлі ауруға шалдығады. Сондықтан, қазір мектептердің басшылығы да «асхана мәселесіне бейжай қарамаймыз», деп отыр.

Бағила Әшімбаева, Қ.Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының директоры:

- Біз ата-аналармен бірлесіп, тағамдарды қадағалап отыратын санитарлық-эпидемиялық орталықтармен 3 деңгейде меморандум жасаған болатынбыз. Солардың бірлескен келісімшарттары арқылы балаларға берілетін тамақтар үнемі қадағалауда болады.

Дұрыс тамақтануға байланысты Алматыда еріктілер 30-дан астам жалпы білім беретін мектептер арасында сауалнама жүргізген. Оған ата-аналар да атсалысты. Соның нәтижесінде респонденттердің 50 пайызы мектеп тағамына көңілдері толмайтындығын айтқан. Ал, 24 пайызы балаларының үйде ауқаттанғанын жөн көреді.

Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:

- Балалар тағамының мәзірін жасадық. Соны жеткізуге тырыстық. 5 облыста осыны кіргізе бастадық. Бірақ, толығымен кіргізіп үлгере алмай жатырмыз. Оңай емес. Ол үшін жергілікті басшылардың көмегі керек. Тамақты тек тойып ішу ғана емес, арасында сәйкестік пайда болуы керек.

Сала мамандарының сөзінше, мектеп жасындағы балалардың тамақтану мәзірін өзгерту керек. Әр тағамның құрамында дәрумен, ақуыз тағы да басқа микроэлементтердің мөлшері сәйкес болуы маңызды. Себебі, соңғы кездері тағам құрамының дұрыс болмауына байланысты қант диабеті, асқазан жарасы сияқты қауіпті аурулар өршіп тұр.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу