ОҚО-да әлеуметтік сауда орындары ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да әлеуметтік сауда орындары ашылды

21.11.2017

Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін ешбір делдалсыз сататын әлеуметтік базарлар жұмыс істей бастады. Сауда орындарына жергілікті жердегі ірі қожалықтардан ауыл шаруашылығы өнімдері тікелей жеткізілуде. Диқандардан сауда жасағаны үшін ақы алынбайды. Соның арқасында халық көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстауға мүмкіндік туды.

Гүлжауһар жалғыз ілікті ана. Қолына тиетін азын-аулақ жалақысын үнемдеп жұмсауға тырысады. Қала аумағынан әлеуметтік сауда орны ашылғандықтан, ол бұрынғыдай аптасына бір рет болатын жәрмеңкені күтпейтін болды. Әлеуметтік базарда керектінің бәрі тұр. Ең бастысы, бағасы арзан.

Гүлжауһар Артаева, қала тұрғыны:

- Алма 350-300 теңгеден, ал, біз 250 теңгеден алдық. 220 теңгеден де бар. Отандық өнімдер. Ет базарда 1400-1500 теңге. Ал, бұл жерде 1250-ден. Барлығы жақсы, сапалы.

Жәрмеңке диқанның өзіне де тиімді болып тұр. «Көкөністі алқап басынан алыпсатарларға тиын-тебенге бергеннен гөрі жәрмеңкеде діттеген бағамызға өткізуге болады», - дейді олар. Бұрынғыдай ортаға киілігіп, табысқа ортақтасатын делдалдар жоқ. 

Жиенбай Шыңғысов, шаруа қожалығының басшысы:

- Біздің өсірген өнімдерімізді алыпсатар, делдалдар алып кететін. Енді әлеуметтік дүкендер ашылған соң осында ет өнімін бір бөлек, көкөнісімізді бір бөлек сатуға қолайлы жағдай жасалды.

Биыл өңір диқандары 376  млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 57 млрд. теңгеге көп. Олар 116 мың тонна жеміс-жидек пен 919 мың тонна көкөніс, 295 мың тонна картоп, 1,3 млн. тонна бақша дақылын жинады. Әсіресе, сарыағаштық шаруалар еселі еңбектің арқасында берекелі өнім алды. Енді қыс пен көктем мезгілінде де бағаны осы қалыпта ұстап тұру үшін қоймалар саны көбейтілуде. 

Қайрат Әбдуәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі:

- Жылыжайдың саны бойынша республикадағы үлесіміз 45 пайыз. Ал, облыстағы үлесіміз 55 пайыз. Бау-бақшадан да рекордтық өнімге ие болдық. Бүгінгі таңда қоймалардың санын көбейтуге жұмыс атқарылатын болады.

Әлеуметтік сауда орындары күнделікті жұмыс істейді. Бүгінге дейін Түлкібас, Төле би, Түркістан мен Сарыағаш аудандарында 10 әлеуметтік дүкен мен сауда қатары ашылды. Соның арқасында жұртшылық көп тұтынатын азық-түліктің 19 түрі бойынша баға тұрақты.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ 

Хабарламаларға жазылу