Алматыда элиталық үйлерді жалға беретін пәтер иелері салық төлеуден жалтарып келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда элиталық үйлерді жалға беретін пәтер иелері салық төлеуден жалтарып келген

20.11.2017

Бұл туралы Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Заңғар Шыңдәлі айтты. Оның сөзінше, пәтерді тұру үшін емес, кәсіп көзіне айналдырған азаматтар табысын ашық көрсетпесе, айыппұл салынады. Ал, егер мемлекетке берешегі 20 мың айлық есептік көрсеткіштен асса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Енді бірнеше пәтерді сатып алып, салық төлемей жүргендерге санкциялық айыппұл салынбас үшін бір апта уақыт берілді. Жалпы, Алматыда жыл басынан бастап 20 мыңнан аса тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Олардың тек бес мыңы пәтерін жалға беру кәсібімен айналысатынын ашық көрсеткен.

Заңғар Шыңдәлі, Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы:

- Қазір бір ғана тұрғын кешенінен анықталған 15 пәтер бар. Салық төлемейді, болмаса жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Сол бойынша қазір хабарландыру жібердік. Бір апта уақыт бердік. Бізге арыздар түсіп жатыр. Көбінесе шу мен дауға байланысты. Өйткені, тәулік бойы тапсыратын болғаннан кейін мазаларын алып, кедергі келтіреді.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу