Мектептерде ер мұғалімдердің аз болуының себебі неде? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектептерде ер мұғалімдердің аз болуының себебі неде?

15.11.2017

Кәмелетке толмағандардың қылмысы неге артып отыр? Бұған мектептерде темірдей тәртіп орнататын ер мұғалімдердің азайып бара жатқаны себеп шығар.  Мамандардың айтуынша, қазір мектепке ер азаматтардың  ауадай қажет. Бұл азшылықтың тағы бір кері әсері, соңғы кезде болмысы болбыр, қимылы сылбыр қыз мінезді ұлдар көбейіп келеді. Ұлы мамандықтан азаматтарымыз неге алыстап кетті? Әлде ұстаздық етуден жалықты ма?

«Партада отыр талай бала батыр, алайда, ағайлар азайып бара жатыр». Сол аздың бірі - Тілеукен Сәметұлы. Ол музыка пәнінен сабақ береді, әр сағатын санап береді. Себебі, аз жалақыны отбасының көп мүшесіне жеткізу керек. Білсек, Тілеукенді мектепке жетелеп тұратын тылсым күш, ол – мамандығына деген адалдығы.

Тілеукен Сәметұлы, №37 орта мектеп музыка пәнінің мұғалімі:

- Бала жанын түсініп, онымен бірге ән салудың кереметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен осы балалармен қашанда біргемін. Оларды білім шыңына көтерсем деген ниетпен бойымдағы барымды беруге дайынмын.

Ағайлардың аздығынан, тіпті кей мектепте оқушыларды спорт пен жауынгерлік рухқа апайлар тәрбиелеп жүр. Ал, мамандар «мектепте азаматтардың бой көрсетіп жүруі ұлдардың тартынып, қыздардың қымсынып өсуіне бірден-бір себеп», - дейді.

Бұл білімі озық елдерде бүтіндей бөлек дүние. Мәселен, Швецария мен Англияның бастауыш сыныптарындағы ерлердің үлесі - 42 пайыз. Жапонияның жоғарғы сыныптарында бұл көрсеткіш 80-ге жетеді. Бізде  бәрін қосқанда 20 пайызға жетер жетпес. Сонда жігіттердің мектепке келуіне не кедергі?

Қайдар Ерғалиев, №37 орта мектебі директорының орынбасары:

- Бірінші себебі, институт, колледж бітіріп келген азаматтардың жалақысының аздығы. Жас маман бір ставкалық сағатқа 45-50 мың теңге жалақы алады. Одан артық алмайды.

Жалпы еліміздегі 7100 мектепте 304098 ұстаз еңбек етуде. Оның 246 849 әйелдер. Тек 57249-і ер-азаматтар. Содан болар қазіргі оқушылар тым нәзік. Бойларында қорқыныш басым. «Өйткені, әйелдер эмоцияның адамы болғандықтан, тұрақсыз эмоция балаларға да беріледі», – дейді психологтар.

Айгүл Рахымжанқызы, отбасылық психолог:

 - Қазіргі ер балалардың жасықтанып бара жатуы, рухының төмендеп кетуі, болмаса іс-әрекетте артқа шегінуінің бәрі әйелдердің өзара қарым-қатынаста қорқытып тәрбиелеуінен. Мәселен, «ата-анаңа айтамын», болмаса жазалау. Сенімсіздік арқылы беріліп кететін сияқты.

Бұл мәселемен алпысыншы жылдары Түркия бетпе-бет келсе, қазір Тәжікстан күресіп жатыр. Осы мақсатта тәжік Парламенті арнайы заң қабылдады. Онда ұстаздарға тегін емделу, тегін жер телімін алу, қаржылай сыйақыларды жиі беру, ұстаздық жолды таңдаған жігіттерді әскерден босату сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Ал, бізде көптеп гранттар беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Айман Дүйсенбаева, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі орта білім департаментінің бас сарапшысы:

 - Қазір жоғарғы оқу орындарына жергілікті әкімдіктер гранттар бөліп жатыр. Оны мұғалімдікті таңдаған азаматтарға көптеп беру жағы қарастырылуда. Себебі, ер-азамат болған жерде тәртіп, тәрбие болады.

Досымжан Ермұрат, тілші:

- Ұлт ұстаздары атанған Алаш қайраткерлері жаппай білімге ден қойған тұста талай тірлік тындырылып, іс іргелі басып еді. Ол кезде ұстаздық ұлтым деген ұлдың ісі болды. Сол жолды бізде жалғап, бүгін ағай атанбасақ, ертең кеш болады. Ыбырайша айтсақ, «Ұйымдасып-жиылып, кел, жігіттер, мектепке,

Болашағы үшін халқыңның,

 Мектепте қызмет етпекке»!

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу