Биыл 170 тонна азық-түлік техникалық регламентке сай келмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 170 тонна азық-түлік техникалық регламентке сай келмеген

10.11.2017

Елімізде шығатын азық-түлік өнімінің 12 пайызы, импорттық өнімдердің 90 пайызға жуығы техникалық регламент талаптарына сай келмейді. Көп жағдайда тауар қауіпсіздік ережесі мен физика-химиялық көрсеткіштері талапқа сай емес. Сонымен қатар, өндіруші таңбалау қағидаларын да бұзып жатады. Бұл жайттың басым бөлігі Қырғызстан мен Ресейге тиесілі. Олар - сүт тағамдары, балық, ет консервілері, шұжық және кондитерлік өнімдер.  Бұл туралы  еліміздің бас санитариялық дәрігері хабарлады. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, осы жылы  техникалық регламентке сай келмеген 170 тонна азық-түліктің сатылымға шығарылуына жол берілмеді. Оның 40 пайызға жуығы ет өнімдері. Бұл ретте зертханалық жабдықтарының тозығы жеткен Қырғыз еліне көмек көрсету де көзделіп отыр.  

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

- Қырғызстандағы әріптестеріміздің зерттеу мүмкіншілігі өте төмен. Оларға көмек көрсету көзделген. Оларды оқыту, санитарлық аспаптармен қамтамасыз ету, санитарлық-карантиндік пунктерін жөндеу. Осы сияқты мәселелер бар.

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу