Ресейдің Ижевск қаласындағы апатқа тұрмыстық газдың жарылуы себеп болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Ижевск қаласындағы апатқа тұрмыстық газдың жарылуы себеп болған

10.11.2017

Құтқарушылар Ресейдің Ижевск қаласында құлаған 9 қабатты тұрғын үйдің үйінділерінің астынан тағы бір адамның мәйітін тапты. Қайғылы оқиға кеше кешкісін болған. Соңғы мәліметтер бойынша, алты адам қаза тауып, үш жасөспірім зардап шеккен. Қазір олар ауруханада жатыр, жарақаттарының ауырлығы орташа деңгейде. Алдын ала белгілі болғандай, апатқа тұрмыстық газдың жарылуы себеп болған. Оқыс оқиғаның кесірінен барлығы 32 пәтер бір-ақ сәтте бетон үйіндіге айналды.

Апаттан соң құтқарушылар тұрғын үйдің өзге кіреберісінде тұрып жатқан  500-дей адамды басқа жаққа шұғыл көшірді. Енді мамандар ғимараттың аман қалған бөлігі қандай жағдайда тұрғанын зерттеуі тиіс. Жарылыс болған жерде түні бойы жұмыс істеген құтқарушылар үйіндінің астында бастырылып қалған адамдардың бар-жоғын тексеріп, айналаны тазартып жатыр. Ал, тергеушілер апатқа қатысты қылмыстық іс қозғады.  

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу