Алматылықтарды жауын суы әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылықтарды жауын суы әбігерге салды

07.11.2017

Алматының бірнеше көшесінде көлік кептелісі мүлдем күшейіп кетті. Олар сағаттап жүре алмай тұр. Өйткені, түннен бері толастамай жауған жауынның салдарынан қала жолдары суға толған. Тіпті, кейбір жерлерде жаңбыр суының салдарынан көліктер істен шығып қалған.

Кешеден бері жауған жауын алматылықтарды әбден әбігерге салды. Өйткені, көлік жүретін жолдарды ғана емес, арықтардың өзін жауынның суы әбден толтырып тастады. Қазір аузы-мұрнынан атылып, ағып жатыр.

Арықтардың арнасынан асып кеткен су жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп жатыр. Жастар аттап, секіріп өтеді. Ересектер мен егде тартқандарға және бала көтерген кісілерге қиын. Олар тобықтан да асып кететін суды кешіп өтуге мәжбүр.

Нұржан Макаев, қала тұрғыны:

- Жылына екі-үш  рет қазады. Жол жаңбыр жауған сайын толып кетеді. Жарты машина көрінбейді. Аяқтан аяқ қалмады. Бүгін етік киіп едім,  аяқ киімімді екі рет ауыстырдым.

Базарғали Қожабеков, қала тұрғыны:

- Бордюр қойған кезде су ағатын арықтарды қалдырып кету керек еді. Мына жер түс кезінде тіпті көл болып кетті. Жүре алмай қалдық. Осындай дүниелерді дұрыстауға болады ғой. Мұның бәрі коммуналдық шаруашылық басшыларының ойланатын ісі.

Мынау Саин мен Райымбек даңғылының қиылысы. Жауынсыз күндері де кептелістен «көз ашпайтын» көшеде бүгін көліктер жүрісі тіптен баяулап қалды. Ал, коммуналдық қызметтер жерасты өткелдеріне кішкентай қаптармен бөгет жасаған. Ал, жауын түнімен толастамаса бұлар көмектеспейтіні анық.

Жандарбек Хасенов, қала тұрғыны:

- Ағысы да қатты, тоғандарды да тазаламаған. Көліктің өзі әрең жүріп жатыр. Мұны неге тазаламайды.

Төле би мен Момышұлы, Әуезов пен Саин, Сейфуллин көшелерінде де дәл осындай көрініс. Қаланың коммуналдық қызметі бізге жауынның салдарын жоюға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижиесі туралы ақпарат берген жоқ. Синоптиктердің болжауынша, жауын бұл аптада тоқтамайды.    

Мирас МҰҚАШ                   

Хабарламаларға жазылу