Екатерина Парафиеваның ісі екінші рет сотта қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екатерина Парафиеваның ісі екінші рет сотта қаралды

07.11.2017

Алматыда жантүршігерлік жол оқиғасы салдарынан екі аяғынан айырылған Екатерина Парафиеваның ісі екінші рет сотта қаралды. Оған куәгерлер және «Тазалық» коммуналдық мекемесінің басшысы, сондай-ақ, қызметкерлері қатысты. Жол апатына әл-Фараби даңғылы бойындағы ашық люк себеп болды делінген еді. Осыған орай, «Тазалық» мекемесінің басшысы мен қызметкерлері сұралды. Олар ашық тұрған люкке қатысты ешқандай қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізбеген. Ашық люктердің бетін жабу мен оның тазалығын сақтауға жауапты болса да, соңғылары қашан орнатылғандығынан бейхабар. Мұндай люктердің сынғаны жөнінде жол-жөнекей өтіп бара жатып көргендер хабарлайтынын айтты. Ал, жолдағы сынған люктерді жөндеу «біздің міндетіміз емес», - деді мекеме басшысы.

Ғани Мырзаханов, «Тазалық»  коммуналдық мекемесінің басшысы:

 -  Бізде техникалық спецификация бойынша жазылғаны егер решетка жоқ болса, бізге оны ауыстыру ғана жазылған.

Естеріңізге салайық, бұл жол апаты биыл 16 маусымда әл-Фараби даңғылының бойында болған еді. «Honda» көлігінде болған  қыздар ашық люкке түсіп кетіп, дөңгелегін жарып алған. Содан тоқтап, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан «Toyota» машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан жеңіл көліктің артқы бөлігі ұшып келіп, тоқтап тұрған көлікке барып соғылған.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу